«Жұлдыз» индустриялық аймағы – Шымкенттегі өндірістік өрлеудің жаңа алаңы - 17news.kz ақпараттық-сараптамалық сайты

«Жұлдыз» индустриялық аймағы – Шымкенттегі өндірістік өрлеудің жаңа алаңы

3

Шымкент қаласындағы «Жұлдыз» индустриялық аймағы – мегаполис экономикасының дамуына серпін беретін заманауи өндірістік кешендердің бірі.

Бүгінде бұл аймақтағы инженерлік және инфрақұрылымдық жүйелердің құрылысы 95 пайызға аяқталған. Жобаға салынған жалпы инвестиция көлемі – 13,7 млрд теңгені құрайды.

Аумағы 306 гектарды қамтитын индустриялық аймақта бүгінде 230,6 млрд теңге көлеміндегі 69 жоба жүзеге асырылуда. Бұл жобалар 4 800-ден астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беріп отыр.

2025 жылдың өзінде ғана 10,7 млрд теңгені құрайтын, 238 жұмыс орны бар 7 жаңа жоба іске қосылады деп жоспарлануда. Солардың алғашқысы – «Sauran Bricks» ЖШС-нің автоклавты газды бетон өндірісі жобасы іске қосылып, 100 азамат жұмыспен қамтылды.

Инфрақұрылым желілері де толыққанды қамтамасыз етілген: ауыз су, кәріз, электрмен жабдықтау, көше жарықтандыруы мен табиғи газ жүйелері толық іске қосылған. Сонымен қатар, автомобиль жолдары мен әкімшілік ғимараттарға қатысты жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Ал темір жол тұйығына байланысты барлық құжаттамалар мен сараптамалар оң қорытынды алған.

Аймақтағы тағы бір маңызды бастама – игерілмей жатқан 60 гектар жердің қайта қалпына келтіріліп, орнына экспортқа бағытталған, жоғары технологиялы өндіріс жобаларын орналастыру. Бұл өз кезегінде аймақтың стратегиялық әлеуетін арттырады.

«Жұлдыз» индустриялық аймағы – өндіріс өркендеп, инновациялық жобалар тамыр жайған жаңа экономикалық орталыққа айналуда.

Айта кетейік, қала аумағында жалпы көлемі 1 276 гектарды құрайтын жеті бірдей өнеркәсіптік аймақ жұмыс істейді.
Олар – ел экономикасын әртараптандыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға және отандық өндірісті қолдауға бағытталған маңызды бастамалардың көрінісі.
Бүгінде аталған аймақтарда құны 685,9 миллиард теңгені құрайтын 446 жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның ішінде 312 жоба сәтті іске қосылып, 19 мыңнан астам азамат тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз етілді.

Advertisements