Шымкентте Абай күні рухани-мәдени мерекеге айналды - 17news.kz ақпараттық-сараптамалық сайты

Шымкентте Абай күні рухани-мәдени мерекеге айналды

5

10 тамыз – хакім Абайдың туған күні. Бүгін, 10 тамыз қазақтың ұлы ақыны хакім Абайдың туғанына 180 жыл толды. Қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы, философ, композитор, данышпан-ойшыл. Ол ақындық шығармаларында қазақ халқының әлеуметтік, қоғамдық, моральдық мәселелерін арқау ете білген ұлы тұлға.

Шымкент қаласында Ұлы ойшыл, ағартушы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған ауқымды іс-шаралар өтті. Мереке Абай саябағында ақын ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды.

Шараға Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков, зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері, ғалымдар, жоғары оқу орындарының ректорлары, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың басшылары, Қазақстан халқы Ассамблеясының және этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, белсенді жастар мен қала тұрғындары қатысты.

Мерекелік рәсімде бүлдіршіндер Абайдың өлеңдерін мәнерлеп оқып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Қатысушылар 2009 жылы ашылған «Хакім Абай» музейін аралап, ақын шығармашылығымен, аудармаларымен және заманының тұрмыс-салтымен танысты.

Іс-шара Көрме орталығындағы «Ұлы Даланың Ұлы Абайы» көрмесін тамашалаумен жалғасты. Мұнда ұлы ақынның өмірі мен мұрасына қатысты құнды экспонаттар қойылған.

Рухани-мәдени мереке республикалық «Абай әлемі» байқауымен қорытындыланып, қаладағы мәдениет мекемелерінде концерттер мен әдеби кештер өтті.

Айта кетейік, жалпы Абайдың қай күні дүниеге келгеніне байланысты кереғар пікірлер көп. Бірі ұлы ақынды 10 тамызда дүниеге келген десе, енді бірі 23 тамызда туған деген пікір айтады. Дегенмен ақын ескі жыл қайыру бойынша 10 тамызда туған. Ал 1917 жылдан бастап, бұл 23 тамызға сәйкес келеді екен. Бұдан бөлек қазақ зиялыларының туған күніне қатысты кейінгі кездері қарма-қайшы пікірлер көп. Ал хәкім Абайдың 100 жылдық, 125 жылдық, 150 жылдық мерейтойлары 10 тамызда тойланғанын да ескерген жөн. Тіпті мектеп оқулықтарында ақын 1845 жылы 10 тамызда дүние есігін ашты деп жазылған.

Advertisements