Шымкентте қайтарымсыз грантқа өтінім қабылдау 11 тамызда басталады - 17news.kz ақпараттық-сараптамалық сайты

Шымкентте қайтарымсыз грантқа өтінім қабылдау 11 тамызда басталады

1

Шымкент қаласында 2025 жылғы 11 тамыздан бастап Business.enbek.kz порталы арқылы 2-лек бойынша қайтарымсыз грантқа өтінім қабылдау басталады. Бұл грант өз кәсібін жаңадан бастаған азаматтарға арналған.

Грант мөлшері – 400 айлық есептік көрсеткіш немесе 1 572 800 теңге. Қатысушы бұл қаражатты тек бір рет қана ала алады. Мақсат – азаматтардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау, жұмыссыздықты азайту және шағын бизнесті дамыту.

Өтінім беру үшін үміткер порталға тіркеліп, талаптарға сәйкестігін растауы керек. Бизнес-жоспар үлгісін жүктеп, толтырған соң өтінішке ЭЦҚ арқылы қол қою қажет. Компьютер немесе интернеті жоқ азаматтар аудандық мансап орталықтарында орналасқан өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштарында өтінім бере алады.

Грант алу үшін келесі санаттағы азаматтар үміткер бола алады:
-жұмыссыз ретінде тіркелгендер;
-тіркеу мерзімі 3 жылдан аспайтын жеке кәсіпкерлер.

Сонымен қатар үміткер келесі әлеуметтік топтардың біріне жатуы тиіс:

– мүгедектігі бар тұлғалар;
– «қандас» мәртебесі бар азаматтар;
– көпбалалы немесе аз қамтылған отбасы мүшелері;
– мүгедек бала тәрбиелеп отырған ата-аналар;
– асыраушысынан айырылғандар;
– өңіраралық қоныс аударушылар.

Үміткердің соңғы үш жылда «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқығаны жөнінде сертификаты болуы тиіс.

Грант қаражатын тұтынушылық мақсаттарға, қарызды өтеуге, тұрғын үй немесе жер сатып алуға, сондай-ақ акцизделетін өнім шығаруға пайдалануға болмайды.

Өтініштер қалалық комиссия арқылы қаралады. Үміткерлер өз жобасын таныстырып, бизнес-жоспардың тиімділігі, нарыққа бейімділігі, қаржылық өміршеңдігі мен жаңа жұмыс орындарын құру мүмкіндігі сынды өлшемдер бойынша бағаланады.

Қабылданған шешім порталдағы жеке кабинетке жіберіледі. Оң шешім шыққан жағдайда шартқа қол қойылып, қаражат аударылады. Үміткер тоқсан сайын қаражатты қалай пайдаланғаны туралы есеп беріп отырады. Барлық процесс онлайн форматта өтеді.

Advertisements