«Құрақ» – көшпенділер мұрасын жаңғыртқан кәсіп - 17news.kz ақпараттық-сараптамалық сайты

«Құрақ» – көшпенділер мұрасын жаңғыртқан кәсіп

63

Шымкент қаласының «Silkway Alliance» индустриялық аймағында орналасқан «QURAQ Group» компаниясы қазақы нақыштағы жиһаздарды жасап, ұлттық өнерімізді жаңа белеске көтеріп отырған кәсіпорын. Көшпенділердің көне жиһаз үлгілерін заман талабына сай икемдеген компания бүгінде нарықта сұранысқа ие өнімдер шығарып, ішкі нарықпен қатар шетелге де экспорттап отыр.

Қазақтың жаны – ағаш. Ағаштан түйін түйіп, әр оюға тарих таңбасын салған шеберлердің ізі бүгінде де жалғасын табуда. Осындай істің тізгінін ұстаған Бақдаулет Сағынтаев — «QURAQ Group» компаниясының негізін қалаушысы әрі басшысы. Ол бұл істі 2016 жылы бастағанын айтады.

– Өзім шебер болған жоқпын, бірақ нағашы аталарымның барлығы қолөнер шеберлері болған екен. Демек, бұл қанмен келген қасиет болса керек. Ұлттық нақыштағы жиһаз жасап, халқымыздың көне мұрасын заманауи үлгіде қайта тірілту – басты мақсатымыз болды, – дейді кәсіпкер.

Компания бүгінде 15 түрлі жиһаз үлгісін жасап шығарады. Оның ішінде ою-өрнекпен көмкерілген киіз үй жиынтығы, 7-8 түрлі үстел, 2 түрлі бесік, орындықтар, кереуеттер бар. Сондай-ақ мешіттерге арналған құран оқитын үстелдер де кең сұранысқа ие.

– Біздің үстелдеріміздің бір ерекшелігі – тұтынушы қалағанынша құрастырып, ұзартуға не қысқартуға мүмкіндік алады.Сол сияқты кейбір жиһаздарымыз жатын орынға да, орындыққа да айнала береді. Бұл – қазіргі тұтынушы үшін өте тиімді әрі ыңғайлы шешім. Сондықтан да компаниямыздың аты «Құрақ» деп аталды. Себебі әр адам өз жиһазын өз қалауынша «құрай» алады, – дейді Бақдаулет мырза.

 

Жиһаздар ақ қайыңнан жасалады. Ою салуға арналған және ағаш кесетін құрал-жабдықтардың барлығы соңғы үлгіде. Кәсіпорын күніне 25-ке дейін өнім шығарып, айына 500-ге жуық тауар өндіреді.

Тек ішкі нарықпен шектелмей, компания шетелдік тұтынушылармен де жұмыс істеуде. Қазіргі таңда «QURAQ Group» компаниясының өнімдері көрші Өзбекстанға экспортталып жатыр.

– Жұмысшыларымыз әзірге бесеу. Бірақ тапсырыс күннен-күнге көбейіп жатыр. Әсіресе, Instagram желісі арқылы тұтынушылар көптеп тапсырыс береді. Қазір сол тапсырыстарды үлгеріп өндіру – басты міндет болып тұр. Алдағы уақытта жұмыс көлемі ұлғайса, цехты кеңейтіп, қызметкерлер санын арттырмақпыз, – дейді кәсіпкер.

Шымкент қаласы бүгінде кәсіпкерлікке кең қолдау көрсетіп, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан серпінді дамып келе жатқан шаһар. Соның бір айғағы – кейіпкеріміз жетекшілік ететін кәсіпорынға әкімдік тарапынан көрсетілген қолдау.

– Кәсіп бастаған тұста индустриалды аймақтан жер берілді. Алғашқы жылы жерге төленетін салықтың 75 пайызынан босатылдық, кейінгі жылдары 50, сосын 25 пайыз жеңілдік жасалды. Бұл – біз үшін үлкен көмек болды. Енді биылдан бастап барлығын өзіміз төлейміз. Аяғымыздан тік тұрып кетуімізге әкімдіктің қолдауы себеп болды, – дейді кәсіпкер.

Сондай-ақ, компания 5 миллион теңге көлеміндегі мемлекеттік грантты ұтып алып, соның есебінен жаңа құрал-жабдықтар сатып алған. Зауытқа қажетті қалған 45 миллион теңгені өз қалтасынан шығарған.

«QURAQ Group» компаниясы тек жиһаз шығарушы кәсіп қана емес, ұлттық өнер мен тарихты дәріптеуші, халықтың тұрмыс-салт мәдениетін жаңа деңгейде танытушы орталыққа айналып келеді. Бүгінгі таңда нарықта мұндай сапалы әрі дара өнімдерге сұраныс өте жоғары.

Бізді Шымкент қаласында осындай ұлттық құндылықты ардақтап, оны нарық заңына бағындырып, экономикалық пайда әкеліп отырған кәсіпорындар қатары артып келе жатқаны қуантады.

Advertisements