«Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығының басшысы Ерлан Омаров: «Турист Шымкент дегенде өзін сенімді сезінуі керек» - 17news.kz ақпараттық-сараптамалық сайты

«Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығының басшысы Ерлан Омаров: «Турист Шымкент дегенде өзін сенімді сезінуі керек»

33

Шымкент – тарих пен мәдениеттің, дәстүр мен заманауилықтың тоғысқан қаласы. Бүгінде осы бай мұраны әлемге паш етіп, туризм арқылы қаланың жаңа келбетін қалыптастыру – үлкен міндет.

Бұл міндеттің жауапкершілігін арқалап келе жатқан мекеменің бірі, 2021 жылдан бастап өз жұмысын қайта жандандырған «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығы.
“Жалпы «Visit» форматындағы туристік орталықтар әлемнің әр түкпірінде бар. Мысалы, «Visit Dubai», «Visit London» секілді орталықтар өз қаласының бет-бейнесін танытатын бірегей брендке айналып үлгерген. Біз де осы тәжірибеге сүйене отырып, алғашқыда «Visit South» ретінде жұмыс бастаған едік. Ол кездері біздің мекеме Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты болатын. Облыс орталығы Түркістанға ауысқаннан кейін, біз де біраз үзіліс жасадық. Алайда, Шымкенттің республикалық маңызы бар қала атануымен бірге туристік бағыттағы жаңа тыныс ашылды. 2021 жылы дербес ұйым ретінде қайта құрылып, «Visit Shymkent» өз жұмысын жаңаша форматта жалғастырды”, – дейді «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталық басшысы Ерлан Омаров.
Әрине, бастапқыда адамдарда «Visit Shymkent деген не?» деген сұрақ туындады. Бұл – түсінікті де. Өйткені ел ішінде мұндай орталықтар көп тарала қоймаған. Шетелдерде туристік ақпараттық орталықтар барлық адамға белгілі болса, бізде әзірге тек саланың ішінде жүргендер ғана біледі. Ерлан Сүйіндікұлы жұмысты ең алдымен адамдарға орталықтың маңызын түсіндіруден бастағанын айтады.

“Бүгінде бізге кез келген уақытта турист кіре алады. Біз бағыт көрсетеміз, гид ұсынамыз, маршрут сызамыз, ақпарат береміз. Сонымен қатар, туристік саладағы кәсіпкерлерге де қолдау көрсетеміз. Қонақүйлермен, гидтермен, саяхат агенттіктерімен тығыз қарым-қатынастамыз. Барлығымыздың мақсатымыз – қаланың туризмін дамыту, оған деген сенімді арттыру. Бір жобаны жасап, тоқтап қалмай, жыл сайын жүйелі түрде әрекет етеміз. Бұл – басты қағида. Мысалы, гидтер мен қонақ үй қызметкерлеріне арналған семинарларды жай ғана конференц-залда өткізіп қоймай, олармен алдын ала кездесіп, нақты не керек екенін анықтаймыз. Қай бағытта білім қажет, қандай тәжірибе керек – соны сұрап білеміз. Сол бағытта кәсіби мамандарды шақырамыз. Шетелдік коуч-тренерлерді, тәлімгерлерді тартамыз. Биылдан бастап контент-мейкерлерге арналған бағыт та енгізілді. Мұның нәтижесі өте жоғары. Бүгінде Шымкент гидтерінің тілді меңгеру деңгейі, тарихи-мәдени ақпаратты беру қабілеті жоғары”, — дейді Ерлан Омаров.
Қазіргі таңда «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығында 30-40 шақты гид тұрақты түрде жұмыс істейді. Олардың қай бағытта қызмет көрсететінін, қанша тілді білетінін, барлығы ашық көрсетілген. Туристер сайттан барлық сұрақтарына жауап таба алады.
Туризм тек жол көрсету емес. Бұл – қаланың бейнесін қалыптастыру. Сол себепті «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығы ақпараттық турларды жиі ұйымдастырады. Бұл турларға жай ғана блогерлер емес, кәсіби саяхатшылар, телеарна өкілдері шақырылады. Әсіресе, турист келуі мүмкін елдердің медиасына ерекше мән беріледі.
“Қазіргі таңда «Скат» әуе компаниясы бірнеше шет елмен тікелей әуе қатынасын ашты. Біз сол елдерден келетін БАҚ пен блогерлерді арнайы шақырып, үш күндік ақпараттық тур ұйымдастырамыз. Бұл шараға ерекше дайындаламыз. Туризм – тек серуен емес. Оның ішінде біздің тарихымыз, мәдениетіміз, салт-дәстүріміз, ас мәзіріміз жатыр. Біз келген туристке осының бәрін таныстыруға тырысамыз. Қалада соңғы жылдары түрлі фестивальдер, гастрономиялық мерекелер, мәдени іс-шаралар жиілеп кетті. Туристер үшін бұл – шын мәнінде үлкен тәжірибе. Қызғалдақтар гүлдейтін сәуір айы, Наурыз мейрамындағы ұлттық дәстүрлер, жаздағы гастрофестиваль де Шымкентті қызықты мекенге айналдырып отыр.
Кейде біздің мекемеге «Немен айналысасыздар?» деген сұрақтар түсіп жатады. Қазір Шымкентте халықаралық іс-шаралар жиі өтеді. Сол кезде шетелдік делегацияларға қайда баруға болатынын, уақытына қарай қандай бағдар ұсынуға болатынын біз көрсетеміз. Өндірістік нысандарды да бағдарламаға қосамыз.

Себебі, қалаға инвесторлар келеді. Біз соларға да бағыт көрсетеміз. Былайша айтқанда, біз қаланың басты ақпараттық қақпасына айналудамыз”, – дейді Ерлан Сүйіндікұлы.
«Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығының тағы бір мақсаты – туристерге қолайлы сервис ұсыну. Қазір қалада бірнеше жерде ақпараттық дүңгіршектері бар. Арбатта, әуежайда, вокзалда, Цитадель тарихи кешенінде орналасқан. Менеджерлер үш тілде қызмет көрсетеді.
“Турист Шымкент дегенде өзін сенімді сезінуі керек. Сол үшін біз күн сайын ізденеміз. Туризм – үнемі қозғалысты, ізденуді, дамуды талап ететін сала. Қалай тартамыз, қалай қызықтырамыз осы жағын үнемі ойлап жүреміз. Қазір бірнеше жобаны қатар атқарып жатырмыз. Туристік нысандарға турникет орнату, QR-кодпен жабдықталған тақтайшалар, карта-навигаторлар, көру қабілеті нашар адамдарға арналған бұрыштар бәрі біртіндеп енгізілуде. Сайттар арқылы 3D көруге де болады. 2025 жылға жоспарлаған 20 жобамыздың 15-тен астамы орындалды. Жыл соңына дейін қалғанын да толық іске асыруды көздеп отырмыз”, -дейді Ерлан Сүйіндікұлы.

Advertisements