«Назар Текстиль» жаңа белеске бет алды - 17news.kz ақпараттық-сараптамалық сайты

«Назар Текстиль» жаңа белеске бет алды

48

Биыл «Назар Текстиль» кілем тоқыма фабрикасы өндіріс қарқынын ұлғайту мақсатында үлкен жобаны қолға алып отыр. Бұйыртса, алдағы жылдары кілем тоқитын тағы бір зауыт іске қосылып, жаңа жұмыс орындары ашылады. Осы және өзге де жаңалықтарды аталмыш кәсіпорынның атқарушы директоры Болат Келісбектен сұраған болатынбыз.

«Назар Текстиль» еліміздегі кілем шығаратын екі ірі фабриканың бірі болып табылады. Болат Медеубекұлы мұнда 2014 жылдан бері еңбек етіп келеді. Оның айтуынша, қазіргі таңда фабрикада 9 тоқыма қондырғы жұмыс істейді. Бұл құрылғылардың барлығы Бельгиядан арнайы әкелінген, заманауи және толық автоматтандырылған. Әр қондырғының қызметі әртүрлі. Айталық, бірі кілемді тоқыса, екіншісі кеседі, үшіншісі шетін тігеді, енді бірі желімдейді. Техникалық қауіпсіздік талаптары толық сақталған.
Қазір фабрикада 100-ден астам жергілікті тұрғын жұмыс істейді. Қызметкерлердің 60 пайызын жастар құрайды. Қалған бөлігі — орта жастан асқан тәжірибелі мамандар. Кадрларды арнайы оқытудың арқасында фабрика бүгінде шетелдік мамандарға тәуелді емес. Әу баста жұмысты Түркиядан шақыртылған 12 маманмен бастаған кәсіпорын, олардың әрқайсысына жергілікті жұмысшы бекітіп, 5-6 ай ішінде оларды үйретіп, отандық мамандардың біліктілігін арттырды. Бүгінде барлық жұмысты жергілікті кадрлар атқаруда.
“Біз кілемге қажетті жіпті Түркия, Түрікменстан және Қытайдан алдырамыз. Ал, Бангладештен арнайы жіптер тікелей жеткізіледі. Осы материалдардан ай сайын 100, кейде 150 шаршы метрге дейін кілем тоқылады. Фабрикада шығарылатын кілемдер тығыздығы мен сапасына қарай бөлінеді. Бүгінде жұмыс істеп тұрған 9 тоқыма қондырғының екеуі тығыздығы жоғары, сапалы кілемдерге арналған. Орташа сападағы кілемдер елімізде кең сұранысқа ие болса, тығыздығы жоғары, сапалы өнімдер шетел нарығына экспортталады. Қазірдің өзінде біздің кілемдеріміз Тәжікстан, Қытай және Қырғызстанға жөнелтілуде”, – дейді Болат Келісбек.

Кілемнің түр-түсі мен өрнегі тұтынушының назарын аудартатын басты ерекшелік болып табылады. Бұл бағытта фабриканың дизайн бөлімі жұмыс істейді. Мұндағы мамандар арнайы оқытылып, ұлттық нақыш пен заманауи стильді ұштастыра отырып, ерекше дизайндағы кілемдердің эскизін әзірлейді.
“Қазір біздің алдымызда өндіріс көлемін ұлғайтып, отандық нарықты толық қамту мақсаты тұр. Осы мақсатта биыл жаңа өндірістік нысанның құрылысы бастау алды. Бұл кешенге 12 тоқыма қондырғысын орналастырмақпыз. Қазіргі таңда жер қазу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жаңа зауыт 2027 жылы іске қосылады деп жоспарланып отыр. Егер бұл жоспар іске асса, фабриканың жылдық қуаты 3,5–4 миллион шаршы метрге дейін жететін болады”, – дейді директор.

Айта кетейік, еліміздегі екі ірі кілем зауыты Қазақстанның кілемге деген сұранысының 40 пайызын өтеп отыр. Қалғанын шетелден келетін өнімдер қамтиды. «Назар Текстиль» мемлекеттен қаржылай көмек алмаған. Тек “Оңтүстік” арнайы экономикалық аймағынан жер берілгені болмаса. Мұнда электр қуатына 50 пайыздық жеңілдік қарастырылған. Фабрика барлық жетістікке өз күшімен жетіп келеді. Жаңа зауыт іске қосылғанда қосымша 100-ден астам адам жұмысқа тартылады деп күтілуде.
Фабриканың өнімдерін Шымкент, Алматы және Астана қалаларындағы дүкендер мен қоймалардан табуға болады. Сонымен қатар, кәсіпкерлер үшін тікелей сатылым да жолға қойылған.
Түйіндей келгенде, біз барған «Назар Текстиль» фабрикасы бүгінде отандық өндірістің абыройын асқақтатып, шетелге ұлттық нақыштағы өнімді танытып жүрген табысты кәсіпорынға айналған.

Advertisements