Шымкент: Екі жылда 34 жоба іске асқан - 17news.kz ақпараттық-сараптамалық сайты

Шымкент: Екі жылда 34 жоба іске асқан

49

Шымкентте соңғы екі жылдың ішінде өнеркәсіп саласында құны 141 млрд теңгені құрайтын 34 жоба іске асқан. Нәтижесінде 2 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылып отыр. Бұл ретте, «Бір терезе» қағидаты бойынша инвесторларды сүйемелдейтін «Shymkent Invest» фронт-офисі жандандырылды. Мұндағы басты мақсат – инвестиция көлемін арттыру.

Мегаполистегі өңдеу өнеркәсібінің әлеуетін арттыру мақсатында, қолданыстағы 5 өндірістік аймаққа қосымша аумағы 438 гектарды құрайтын жаңадан толық инфрақұрылыммен қамтылған «Жұлдыз» және «Бозарық» индустриялық аймақтары іске қосылды. Онда, құны 27 млрд теңгені құрайтын трансұлттық «COCA-COLA» компаниясының алкогольсіз сусындар өндіру зауыты мен құны 26 млрд теңгеге қытайлық «Wan Sheng Ceramic» компаниясы салған керамикалық тақтайшалар өндіру фабрикалары өз жұмысын бастады. Ал, түріктің «Alarko Holding» компаниясы құны 650 миллион доллар инвестиция сала отырып, 500 гектар жерге елімізде ең үлкен заманауи жылыжай кешенінің құрылысын бастады.

«Жобаның бірінші кезеңі 208 гектарды құрайды. Қазіргі таңда 40 гектарға жуық жерміз дайын тұр. Мұнда тазалық, дезинфекция жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Қызанақ тұқымын сеуіп қойдық. Тамыздың орталарына таман көшет отырғызуды бастаймыз. 60 күнде алғашқы өнімді аламыз деп отырмыз. Әзірге, тек қызынақ өсіруді жоспарлап отырмыз. Бірінші кезекте ішкі нарықты қамтуды көздейміз. Ауқымды жобаның алғашқы кезеңінде 1650 адам жұмыспен қамтылады. Бүгінде жұмысшыларды іріктеуді бастадық. Жалпы құрылыс қатар жүргізіліп жатыр. Онда 420 адам жұмыс істеуде. Бұл Орталық Азиядағы ең ірі жылыжай болмақ. Айта кетейік, біздің екінші кезеңіміз Мәртөбе елдімекенінде жүзеге асыралады»,-дейді «ALSERA KZ» ЖШС бас директоры Гюнай Гокалп.

Шымкентте алғаш рет «Шағын өндірістік алаңдарды құру» бағдарламасы аясында 72 мың шаршы метр болатын 3 өндірістік алаң құрылуда. Оның биыл 45 мың шаршы метрін пайдалануға беріп, онда 200-ден астам шағын кәсіпорын ашылады деп көзделген.

Алдағы уақытта польшалық «Fabe Polska» компаниясымен құны 136 миллион долларды құрайтын жоғары технологиялы жылыжай салу жоспарда бар. Сондай – ақ, Қытайлық «SHAANXI CONSTRUCTION ENGINEERING» компаниясымен 150 миллион долларға қоқыс өңдеу зауыты басталады деп күтілуде.

Advertisements