Шымкентте «Цифрлық құралдар – су инфрақұрылымын басқарудың жаңа үлгісі» атты республикалық кеңес өтті - 17news.kz ақпараттық-сараптамалық сайты

Шымкентте «Цифрлық құралдар – су инфрақұрылымын басқарудың жаңа үлгісі» атты республикалық кеңес өтті

30

Шымкентте «Цифрлық құралдар – су инфрақұрылымын басқарудың жаңа үлгісі» тақырыбында республикалық семинар-кеңес өтті.

Іс-шараға қала әкімінің бірінші орынбасары Айдын Кәрімов, мемлекеттік органдар өкілдері, халықаралық ұйымдар, отандық және шетелдік компаниялар, сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен сумен жабдықтау саласының сарапшылары қатысты.
Семинар Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында берілген тапсырмаларды іске асыру аясында ұйымдастырылды.
Президент өз сөзінде цифрландыру мен жаңа технологияларды пайдалану тек тиімділікті арттыру құралы ғана емес, елдің тұрақты дамуы мен халықтың өмір сапасын жақсартудың басты тетігі екенін атап өтті.
Қазіргі уақытта цифрландыру – дамудың негізгі факторы болып табылады. Заманауи цифрлық технологияларды түрлі салаларға енгізу өндіріс процесі туралы толық жүйелік ақпарат алуға, оны жан-жақты талдауға және ең үздік нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Су секторын цифрландыру төтенше жағдайларға жедел ден қоюға септігін тигізіп, су қорларын орнықты пайдалану үшін жағдай жасап, басқарудың ашықтығын арттырады.
Қала әкімінің бірінші орынбасары Айдын Кәрімов мегаполис үшін су ресурстарын тиімді әрі заманауи басқару ерекше маңызды екенін атап өтті.
«Халық санының артуы, өнеркәсіптің дамуы және жаңа тұрғын алаптардың салынуы сапалы ауыз сумен қамтуды, тиімді кәріз жүйесін және сенімді инфрақұрылымды талап етеді. Бүгінге дейін қолданылып келген дәстүрлі әдістер бүгінгі талаптарға сәйкес келмейді. Климаттың өзгеруі, тұтыну көлемі мен су шығынының өсуі жаңа шешімдерді қажет етеді. Сондықтан цифрлық құралдар мен автоматтандырылған жүйелерді енгізу – Шымкент пен тұтас ел үшін басымдыққа айналды», – деді Айдын Кәрімов.
Семинар барысында отандық және шетелдік компаниялар Шымкент қаласын сапалы ауыз сумен қамту және кәріз жүйесін басқаруға арналған цифрлық шешімдерін таныстырды.

Advertisements