
2017 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Lux Shoes» ЖШС-і бүгінде ерлер мен әйелдер аяқ киімін тігуге маманданған ірі өндіріс орындарының бірі.
Фабрика Түркия технологиясы негізінде жұмыс істейді және қазіргі таңда жылына 120 мың жұп ерлер аяқ киімін шығару қуатына ие. Бұл әзірге бастапқы меже ғана. Алдағы уақытта фабрика әйелдер мен балаларға арналған аяқ киім өндірісін де қолға алуды жоспарлауда.
Кәсіпорынның басты мақсаты өндірістік қуатын арттырып, сапалы және қолжетімді бағамен отандық аяқ киім өнімдерін тұтынушыларға ұсыну болып табылады. «Lux Shoes» фабрикасының өнімдері Италиядан енгізілген жоғары технологиялық Түркияның «FANTAS» және «COMELZ» маркалы жабдықтарында тігіледі. Бұл техникалар қазіргі заман талаптарына сай, сәнді әрі талғамға сай үлгілер шығаруға мүмкіндік береді.
Өндірістік желілер толықтай автоматтандырылған, бұл өнімнің сапасын жоғарылатып, өндіріс тиімділігін арттырады. Мамандар арнайы оқыту курстарынан өтіп, кәсіби шеберлік деңгейін үнемі жетілдіріп келеді. Фабрика алғаш ашылған кезде 35 адам жұмыс істесе, қазір қызметкерлер саны 70-тен асып отыр.
«Lux Shoes» компаниясының дамуына «Даму» кәсіпкерлерді қолдау қорының да үлкен көмегі тигенін айта кету керек. Қазіргі таңда шикізат негізінен Түркия мен Ресейден жеткізіледі, бұл сапалы материалдарға қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Фабрика директоры Гайрат Хасанбаевтың айтуынша, өнімнің сапасы — ең басты талап. «Қандай өнім шығарсақ та, оның сапасы жоғары болуы керек. Біздің қыстық және күздік аяқ киімдер тұтынушылардың көңілінен шығады деп сенемін. Алдағы уақытта өндіріс көлемін одан әрі арттыру жоспарда бар. Сонымен қатар, мемлекеттік тапсырыс аясында әскери қызметкерлерге де аяқ киім тігіп жатырмыз», — дейді ол.
Қазіргі таңда кәсіпорын ішкі нарықтағы тапсырыстарды қабылдап, жаңадан келген жұмысшыларды кәсіби шеберлер оқытып, тәжірибесін арттыруда. Болашақта «Lux Shoes» фабрикасы өз өнімдерін ТМД және Орталық Азия мемлекеттеріне экспортқа шығаруды көздеуде.
Диля Дулат












