
Пандемия бүкіл әлем экономикасына салқынын тигізіп, көптеген өндірістер мен кәсіпорындардың жұмысын тоқтатуға мәжбүр етті. Алайда, сол бір қиын кезеңде өз ісін бастауға бел буып, бүгінгі таңда табысты кәсіпорынға айналған мысалдар да бар. Солардың бірі — Нүркен Жамаладин басқаратын «SAGITEX GROUP» тігін фабрикасы.
Фабрика 2020 жылы пандемияның қызған шағында ашылды. Қиындықтарға қарамастан, алғашқы жылы өндірістік база мен техникалық жабдықтар толықтай қамтамасыз етіліп, 2021 жылы толыққанды жұмысын бастады. Бүгінде аталмыш фабрика еліміздегі трикотаждық матадан киім тігетін ірі өндіріс орны болып отыр. Қазақстанда трикотаждық киім тігетін өзге фабрикалар бар шығар, бірақ дәл осындай ауқымда және сапада өнім шығаратын бірегей кәсіпорын жоқ деуге болады.
Қазіргі таңда фабрика айына 35-40 мың дана дайын өнім шығарады. Бұл көрсеткіш алдағы жылы 70 мың данаға дейін ұлғайтылмақ. Кәсіпорын басшысы Нүркен Сағидоллаұлының айтуынша, басты мақсат өндірісті үнемі жетілдіріп, көлемді арттыру арқылы ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етіп қана қоймай, шетелдік нарықтарға да сенімді түрде шығу.
«SAGITEX GROUP» ЖШС-і бүгінгі таңда киімді толықтай өздерінің жобасы бойынша әзірлейді. Киім үлгілерінің дизайны, конструкциясы, тігіс әдістері барлығы фабриканың ішкі мамандары тарапынан жасалады. Әрине, бұл өз кезегінде сапаны бақылауға және тұтынушылардың сұранысына сай өнім ұсынуға мүмкіндік береді.
Өндірісте қолданылатын шикізаттың басым бөлігі Өзбекстан мен Түркиядан жеткізіледі. Қазіргі кезде дайын мата пайдаланылуда. Дегенмен, фабрика басшысы алдағы уақытта өзіміздің трикотаждық мата өндіретін фабриканы ашу жоспары бар екенін айтады. «Климаттық жағдай мен қаржылай мәселелерге байланысты бұл жобаның жүзеге асуы сәл кідіріп тұр. Бірақ, бір-екі жылдың ішінде бұл бағытта нақты қадамдар жасаймыз деп үміттенеміз», – дейді кәсіпкер.
Фабрикада 25 маман тұрақты жұмыс істейді. Сонымен қатар, кәсіпорын аутсорсинг қызметтерін де ұсынады, яғни өзге компанияларға өндірістік қуатын жалға беріп, тігін жұмыстары бойынша серіктестік орнатады.
Өндірілетін киімдер сапасы жағынан люкс және премиум санатына жатады. «Байрақ» және «Белес» брендтерімен шығатын өнімдер 3-4 жастағы балалардан бастап, 70 жасқа дейінгі ересектерге арналған. Негізгі өнімдер қатарына іш киімдер, футболкалар, майкалар жатады. Жеңіл әрі сапалы трикотаж матасынан тігілетін бұл киімдер күнделікті тұрмысқа өте қолайлы және ұзақ уақытқа дейін тозбайды.
Бүгінде өнімдер Қазақстанның ішкі нарығына кеңінен таралуда. Сонымен қатар, Ресей мен Қырғызстан нарығына шығу бағытында да алғашқы қадамдар жасалды. Кәсіпорын басшылығы бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта жандана түсетінін айтуда.
Болашақта трикотаж матасын да өзіміз өндіретін күн туса, бұл тек «SAGITEX GROUP» ЖШС-і үшін ғана емес, жалпы Қазақстанның тігін өндірісі үшін үлкен жетістік болары анық.
Диля Дулат












