Шымкентте дәстүрлі бірыңғай есеп беру күні өтті

Шымкент қаласында жылдағы дәстүрлі Бірыңғай есеп беру күні өтті.
Алқалы жиынға Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Айдын Кәрімов, Шымкент қаласы прокурорының міндетін атқарушы Марлен Сламбеков, Кәсіпкерлер палатасының директоры Сабира Адамбекова, сонымен қатар, прокуратура органдарының, аймақтық Департаменттердің, қаладағы басқа да бақылау-қадағалау органдарының басшылары мен бизнес-қоғамдастық өкілдері қатысты.
«Бірыңғай есеп беру күні 2021 жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып, жыл сайын қыркүйектің соңғы бейсенбісіне бекітілген. Есеп беру күні республика бойынша өтуде. Мұндағы мақсат – бақылау-қадағалау қызметін реформалауды жүзеге асыру, заң талаптарын бұзудың жүйелі түрде алдын алу, тұрақты әрі қауіпсіз кәсіпкерлікті іске асыру. Сонымен қатар бақылау және қадағалауды жүзеге асыру нәтижелері кәсіпкерлік субъектілерімен бірге талқыланады және бизнес-қоғамдастықпен кері байланысты қалыптастырады», – деді Кәсіпкерлер палатасының директоры Сабира Адамбекова.
Қала әкімінің бірінші орынбасары мұндай есептік жиындардың маңызына тоқталып өтті.
«Мемлекет басшысы кәсіпкерлікті қолдау мен қорғауды, бизнес жүргізу үшін ашық әрі әділ жағдай жасауды мемлекеттік саясаттың басым бағыты ретінде айқындап отыр. Сондықтан әр мемлекеттік органның жұмысы кәсіпкерлердің сенімін арттыруға, әкімшілік кедергілерді азайтуға, бақылау мен қадағалауды жүйелі әрі заң аясында жүргізуге бағытталуы тиіс. Осы кездесуде Сіздердің пікірлеріңізді тыңдау және ортақ мәселелерді шешу жолдарын бірлесе қарастыру – біздің басты міндетіміз. Әр ұсыныс назарға алынып, тиісті шаралар қабылданады. Бірыңғай есеп беру күні – бұл тек есеп беру алаңы емес, сонымен қатар, мемлекет пен бизнестің ашық әріптестігінің нақты көрінісі», – деді Айдын Кәрімов.












