Өңдеу өнеркәсібінің көлемі артып келеді - 17news.kz ақпараттық-сараптамалық сайты

Өңдеу өнеркәсібінің көлемі артып келеді

30

Шымкент қаласының өнеркәсіп саласында белсенді жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың саны 798 бірлікті (18 – ірі, 43 – орта және 737 – шағын кәсіпорындар) құрайды, оның ішінде 696-сы өңдеу өнеркәсібінде жұмыс істейді (14 – ірі, 38 – орта және 644 – шағын кәсіпорындар). Қаланың өнеркәсіп кәсіпорындары 2025 жылдың қаңтар-шілде айларында 812,6 миллиард теңгенің өнімін өндіріп, өнім көлемі 15,8 пайызға артты.

​Өнеркәсіп саласында үлесі ауқымды өңдеу өнеркәсібінде 724,2 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өндіріс индексі 117,6 пайызды құрады. Өсім республикалық көрсеткіштен (РК – 106,1 пайыз) жоғары қалыптасып, өңірлер арасында 3-орында келеміз. Өңдеу өнеркәсібінің негізгі салалары – химия өнеркәсібінде, машина жасау, сусындар өндірісі, тамақ өнімдерін өндіру, мұнай өнімдерін қайта өңдеу, металлургияда өсу динамикасы байқалады.

​Жалпы аумағы 1276 гектар болатын 7 өнеркәсіптік аймақта бүгінгі таңда 685,9 миллиард теңге сомасына 446 жоба іске асырылуда. «ОҢТҮСТІК» индустриялық аймағында 96 жоба жүзеге асуда. 2025 жылы 112 жаңа жұмыс орнын құрумен 30 миллиард теңгеге 1 инвестициялық жоба іске қосылды.

​Жаңадан дамып келе жатқан «ЖҰЛДЫЗ» индустриялық аймағының жалпы аумағы 306 гектар. Онда 4800 жаңа жұмыс орнымен 69 жоба іске асырылуда. 2025 жылы 238 жаңа жұмыс орнын қамтитын 7 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Оның ішінде, 100 жаңа жұмыс орнын құрумен 1 инвестициялық жоба іске қосылды. Атап айтқанда, Sauran Bricks ЖШС-нің автоклавты газды бетон өндірісінде 100 жұмыс орны құрылды. «БОЗАРЫҚ» агро-индустриялық аймағының жалпы аумағы – 132 гектар. Аймақта 19 жобаны орналастыру жоспарланған, оның ішінде 50 жұмыс орнымен 1 жоба іске қосылды. Қала аумағында 1660 гектар аумақта қосымша 5 жаңа өндірістік алаңдарды құру жұмыстары жүргізілуде.

 

Advertisements