Шағын және орта бизнестің дамуында оң нәтижелер бар - 17news.kz ақпараттық-сараптамалық сайты

Шағын және орта бизнестің дамуында оң нәтижелер бар

21

Шымкент қаласында шағын және орта бизнестің әлеуеті өте зор. 2025 жылғы қаңтар-шілде айларында қалада жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері 140,8 мыңға (заңды тұлғалар – 22 мың бірлік, дара кәсіпкерлер – 113,3 мың бірлік, шаруа қожалықтары – 5,5 мың бірлік) жетті.

Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш 6,5 пайызға артты. 2025 жылдың қаңтар-сәуір айларында шағын және орта кәсіпкерлікте жұмыспен қамтылғандар саны 244,8 мың адамға ұлғайып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 10,3 пайызға өскен.

​Ал өндірілген өнім көлемі 2025 жылдың қаңтар-сәуір айларында 865,5 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 23,9 пайызға артқан. Жалпы өңірлік өнімдегі шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі 57,5 пайызға жетті.

​Сонымен қатар, Шымкент қаласында шағын өнеркәсіп аймақтарының құрылысы жүргізілуде. Жалпы аумағы 76,1 мың шаршы метр болатын 3 жоба іске асырылуда. Олар – Orda NS Building ЖШС, Standard Steel KZ ЖШС және «Энерготранс-3» ЖШС.

​Шағын өнеркәсіптік аймақтардың іске асырылуының нәтижесінде 150-ден астам шағын кәсіпорын ашылып, 500 адам жұмыспен қамтылады және бюджетке 1 миллиард теңге салық түсімдері күтілуде. 2025 жылдың қаңтар-шілде айларының қорытындысы бойынша қаланың бөлшек сауда көлемі 652,4 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 115,1 пайызды құрады.

​Жыл соңына дейін бөлшек сауда көлемін 1 триллион 194,3 миллиард теңгеге жеткізу жоспарда тұр. Аталған көрсеткішке жаңадан ашылатын 8 сауда ойын-сауық орталығының және 11 сауда үйінің құрылысы, 10 жаңа сауда нүктесі (GraMad гипермаркеті) және базарларды жаңғырту жүргізу есебінен қол жеткізіледі. Көтерме сауданың көлемі 1 триллион 151 миллиард теңгеге жетті. 2025 жылдың қаңтар-шілде айларының қорытындысы бойынша қаланың жалпы сауда көлемі 1 триллион 807,7 миллиард теңгені құрады. Жыл соңына дейін жалпы сауда көлемін 3 триллион 207,1 миллиард теңгеге жеткізу жоспарланған.

Advertisements