2025 жылы Шымкентте 57 жаңа тұрғын үй салынатын болады - 17news.kz ақпараттық-сараптамалық сайты

2025 жылы Шымкентте 57 жаңа тұрғын үй салынатын болады

43

Биыл Шымкентте 57 жаңа тұрғын үй салынатын болады, деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі.

«Биыл қала құрылыс басқармасы 3 592 пәтерден тұратын 57 тұрғын үй салуды жоспарлап отыр. Бұл көрсеткіш Шымкенттің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету стратегиясының сәтті жүзеге асырылып жатқанын көрсетеді», — делінген хабарламада.

Хабарда атап өтілгендей, Шымкентте тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта тұрғын үй кезегінде тіркелген азаматтардың жалпы саны 53 297 адамды құрайды.

«Олардың ішінде 1 754 – жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, 16 503 – көпбалалы отбасылар, 18 579 – әлеуметтік осал топтар, 16 438 – мемлекеттік қызметшілер, бюджет ұйымдарының қызметкерлері және әскери қызметшілер, ал 23 – і тұрғын үйі апатты деп танылған азаматтар. Бұл мәліметтер қаланың тұрғын үй мәселесінің қаншалықты өзекті екенін көрсетеді», — деп жазылған хабарламада.

Айта кету керек, 2024 жылы тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 1 000 пәтер жалға беру жоспарланған. Оның 803-і қазірдің өзінде иелеріне табысталған, қалған пәтерлер 2025 жылы пайдалануға беріледі.

«2019 жылдан бастап Қазақстанда Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жұмыс істейтін жастар үшін «Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Бұл бағдарлама жастардың тәуелсіз өмірге қадам басуына, жұмыспен қамтылуына және әлеуметтік жағдайын жақсартуға айтарлықтай қолдау көрсетеді», — деп хабарланды.

Бағдарлама аясында жастарға жалға берілетін пәтерлер 5 жыл мерзімге ұсынылса, 2023 жылдан бастап бұл мерзім 3 жылды құрайды.
Шымкент қаласы бойынша аталған бағдарлама шеңберінде 3 849 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Атап айтқанда, 2020 жылы – 904 отбасы, 2021 жылы – 300, 2022 жылы – 857, 2023 жылы – 888 және 2025 жылы – 900 отбасы тұрғын үймен қамтылды. Қазіргі уақытта осы пәтерлерде шамамен 14 мың адам тұрып жатыр.

Бүгінгі таңда жалға алу мерзімі аяқталған 904 отбасының 891-і тұрғын үй сатып алуға мұқтаж.

Advertisements