Шымкент: 18 қандас “Bastau Business” жобасына қатысты - 17news.kz ақпараттық-сараптамалық сайты

Шымкент: 18 қандас “Bastau Business” жобасына қатысты

37

Қазақстанда қандастарды жұмыспен қамту мәселелері мемлекет тарапынан аса маңызды болып табылады. Соңғы жылдарда, қандастардың әлеуметтік интеграциясы мен жұмысқа орналасу мәселесін шешу үшін мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар іске асырылып жатыр. Сондай қолдаулардың бірі – қайтарымсыз грант алып, кәсіп бастау. Ол үшін жобаға қатысушылар «Bastau Business» жобасы бойынша оқуға қатысып, сертификат алуы керек. Шымкентте де осы бағытта жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

«Bastau Business» — бұл Қазақстандағы кәсіпкерлік бастамаларды қолдауға арналған мемлекеттік бағдарлама. Бағдарламаның мақсаты —жұмыссыз азаматтарға және жастарға кәсіпкерлік негіздерін үйрету және оларды өз ісін ашуға қолдау көрсету.

Оқу курсына жазылу үшін Business.enbek.kz порталында тіркеліп, оқыту шарттарына сәйкестігіне автоматты тексеруден өту қажет. Оқыту 14 күнтізбелік күннен аспайды. Әр қатысушы курсты жеке-жеке оқиды. Оқу толығымен тегін.

Оқу барысында пайдаланушы бірнеше сабақтардан тұратын 12 модульден өтуі керек. Әрбір модуль аяқталған соң аралық тестілеу өткізіледі. Келесі оқу модуліне өту үшін қатысушы тестілеуді тапсыру кезінде дұрыс жауаптардың кемінде 70%-ын жинауы керек. Дұрыс жауаптардың 70%-ынан төмен жинаған қатысушыға қорытынды тестілеуден 2 рет қайта өту мүмкіндігі беріледі.

Оқыту қорытындысы бойынша қатысушы бірегей нөмірі бар электрондық сертификат алады. «Bastau Business» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту туралы сертификат 3 жылға жарамды.

«Bastau Business» жобасы шеңберінде оқудан өтіп, сертификат алған қандастарда бизнес-жобаларына мемлекеттік қайтарымсыз грант конкурсына қатысуға мүмкіндік бар.

Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, халықты жұмыспен қамту орталығына 2024 жылы 114 қандас жүгінген. Олардың ішінен 58-і жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылған. Өзге елден қоныс аударған 18 қандас «Bastau Business» жобасы бойынша онлайн оқуға қатысыпты.

Қандастарды жұмыспен қамту – тек мемлекет, қоғам, немесе жеке сектор үшін ғана емес, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін де маңызы зор сала. Қиындықтарға қарамастан, қандастардың жұмысқа орналастыру мәселесін шешу, білім беру, кәсіби қайта даярлау, әрі әлеуметтік интеграция бойынша мақсатты шараларды жүзеге асыру арқылы жетістікке жетуге болады. Қазақстандық қоғамның бұл мәселені шешу үшін бірлесе жұмыс жасауы ұлттың болашағы үшін қажет.

Advertisements