“ЧипсоЕт”: Кептірілген етті түрлендірген кәсіпкер

Ауыл шаруашылығына негізделген тың жобалар мен жаңашыл бастамалар ел экономикасын ілгерілетіп қана қоймай, тұтас өңірдің дамуына серпін беріп отыр. Осындай игі бастамалардың бірі – «Бір ауыл – бір өнім» жобасы. Аталған жоба аясында талай кәсіпкер өз өнімін ұсынып, өңірлік брендке айналуға талпынып келеді. Солардың бірі – Шымкент қаласының тұрғыны, жас кәсіпкер Жансері Серханұлы Жолдыбаев.
Жақында Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасында өткен бренд-комитет отырысында Жансері өз өнімін таныстырып, үздік кәсіпкердің бірі атанды.
Бәрі де қарапайым қызығушылықтан басталған. Бір сапарында Атырау қаласынан дәмі ерекше кептірілген етті байқап көрген Жансері, сол сәттен бастап осы өнімді өзі жасап көруді ұйғарады.
«Балаларымыз түрлі зиянды чипсы мен кириешки жейді. Ал мен солардың орнын басатын, денсаулыққа пайдалы өнім жасағым келді. Тек таза ет. Ішінде май жоқ, зиян ештеңе жоқ. Кептірілген жылқы мен тауық етінен жасалған, дәмдеуіштермен әрленген бұл өнім балаларға да, ересектерге де пайдалы», – дейді кәсіпкер.
Жансерінің бұл кәсіпті бастауына негізгі қаржылық тірек – өзінің табысты жұмысы болған. Қазіргі уақытта ол «Tengizchevroil» компаниясында жұмыс істейді. Кәсібіне алғашқы қаржыны да осы қызметінен тапқан жалақыдан бөліп бастаған.
«Алғашында шағын құрылғымен іске кірістім. Кейін «Атамекен» ҰКП арқылы мемлекеттік қолдау алуға өтініш білдіріп, бақ сынадым. Жолым болып, кәсібімді кеңейтуге мүмкіндік туды. Қазір екі құрылғымыз бар – бірі үлкен, екіншісі орташа. Өнім көлемі артқан сайын жұмысшылар санын да көбейту жоспарда бар», – дейді Жансері Серханұлы.
Кәсіпкердің айтуынша, қазіргі таңда күніне 100-ге жуық дайын өнім (пачка) шығарылады. Әр пачкада – 50 грамм таза кептірілген ет. Өндіріс процесі де қарапайым: алдымен ет туралады, тұздалып, дәмдеуіштер қосылады, бір күн тұндырылып, кейін 6-8 сағат бойы арнайы құрылғыда кептіріледі. Қысқасын айтқанда, әрбір өнім қол еңбегімен жасалады.
Шикізат көзі ретінде «Шымкент құс» фабрикасының тауық еті қолданылады, ал жылқы етімен жұмыс істеу енді қолға алынып жатыр. Қаптамалар Қытайдан жеткізіледі, ал өнім Шымкент қаласындағы сауда нүктелерінде сатылымға шыққан.
Жансері Серханұлы алдағы уақытта кәсібін кеңейтіп, жұмыссыз жүрген жастар мен тұрғындарды жұмысқа тартуды жоспарлап отыр. Әсіресе, мемлекеттік жұмыспен қамту бағдарламалары арқылы жұмысшы қабылдаудың тиімді екенін атап өтеді.
«Жыл соңына дейін кемінде 6 адамды жұмысқа тартуды жоспарлап отырмыз. Мемлекет жұмысшылардың жалақысының бір бөлігін өтейді. Бұл – кәсіпкерге де, жұмысшыға да пайдалы мүмкіндік», – дейді ол.
Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасы ұсынған «Бір ауыл – бір өнім» жобасы Жансері Жолдыбаевтың кәсібіне жаңа тыныс берген. Ол енді тек ішкі нарықпен шектеліп қалмай, болашақта өнімін шетелге – экспортқа шығару жолдарын қарастыруда.











