Отбасылардың әл-ауқатын анықтауда скорингтік модель енгізілді

Қазақстанда әлеуметтік қолдау шараларын тағайындауда отбасылардың тұрмыстық деңгейін анықтау мақсатында жаңа жүйе қолға алынды.
Қазіргі таңда екі өңірде пилоттық жоба ретінде отбасылардың әл-ауқат деңгейін анықтаудың балдық үлгісі енгізіліп отыр. Бұл бастама білім беру, әлеуметтік қорғау, тұрғын үй және спорт салаларындағы мемлекеттік қызметтерді көрсету барысында мұқтаж жандарды тиімді қолдауға мүмкіндік бермек.Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифинг алаңында Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаева, білім басқармасы басшысының орынбасары Жанар Қасымова, дене шынықтыру және спорт басқармасының спорт ұйымдарының қызметін үйлестіру бөлімінің басшысы Нурлыбек Утепбергенов және «Отбасы банк» АҚ-ның Шымкент қалалық филиалы директорының орынбасары Еркін Ахыншаев баяндады.
Жобаның құқықтық негізі 2020 жылғы 22 мамырда қабылданған ҚР ҒЖБМ, ҚР ОМ, ҚР ТСМ, ҚР ӨҚМ, ҚР ЦДИАӨМ және ҚР ЕХӘҚМ-нің бірлескен бұйрығымен бекітілген. Пилоттық жоба Шымкент қаласы мен Қарағанды облысында іске асырылуда. Отбасының әл-ауқат деңгейі 23 әлеуметтік-демографиялық және экономикалық критерий бойынша бағаланады. Жаңа жобадағы баллдық жүйе білім беру, әлеуметтік қорғау, тұрғын үй және дене шынықтыру салаларындағы мемлекеттік қызметтерді ұсынуда қолданылады. Жаңа тәсіл республикалық бюджеттен төленетін төлемдерді өзгертпей, шын мәнінде мұқтаж жандарға жергілікті бюджет есебінен қосымша көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
Отбасының жағдайы табыс пен мүліктен бөлек, денсаулық, мүгедектік, білім деңгейі, отбасыдағы жүктеме және бейресми табыс сияқты 23 көрсеткіш бойынша есептеледі.
-Бағалау нәтижесінде барлық отбасылар 6 санатқа бөлінеді – аса мұқтаждан бастап жоғары әл-ауқаттыға дейін. Мысалы, екі және одан да көп пәтері, бірнеше көлігі бар, тіркелген кәсіпкерлігі және жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төрт есе асатын отбасылар жоғары 6-санатқа енгізіледі. Олар жергілікті бюджет есебінен қосымша қолдау шараларынан шығарылады,- деді Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өмірсейітқызы.
Ал 1–5 санаттағы отбасыларға көмек автоматты түрде тағайындалады. Мұндай қолдауға мектепте тегін тамақтану, жатақханамен қамту, тұрғын үй жәрдемақысы мен санаторлық емдеу жатады.
Ең бастысы, жаңа үлгі республикалық бюджеттен төленетін 41 түрлі әлеуметтік төлемге әсер етпейді. Зейнетақылар, көпбалалы және марапатталған аналарға берілетін жәрдемақы, жүктілік пен бала күтіміне байланысты төлемдер, мүгедектігі бар жандарға қолдау және атаулы әлеуметтік көмек көлемі бұрынғыдай сақталады.












