Шымкент: Мирас шағынауданындағы кәріз жүйесі түбегейлі шешілмек - 17news.kz ақпараттық-сараптамалық сайты

Шымкент: Мирас шағынауданындағы кәріз жүйесі түбегейлі шешілмек

45

Қаланың бір мәселесі – кәріз жүйесі. Шымкент қаласы Қаратау ауданындағы Мирас шағынауданында бірнеше жылдан бері тұрғындардың тұрмыс сапасына кері әсер етіп отырған ең үлкен мәселе – осы кәріз жүйесінің толық шешілмеуі. Бұл түйткіл күнделікті тұрмыста қолайсыздық тудырып қана қоймай, санитарлық жағдайға да ықпал етіп келеді.

Аталған проблеманы жүйелі шешу мақсатында Шымкент қаласының Автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі басқармасы, Жер қатынастары басқармасы, мердігер мекеме, жоба авторлары және тұрғындар бірлесіп жұмыс жүргізіп жатыр. Қазіргі таңда жобаның бірінші кезеңінде бірнеше көшеде қазба жұмыстары басталған. Кешенді шаралар бекітілген жоспарға сәйкес кезең-кезеңімен орындалуда.

Қаратау ауданының әкімі Алмас Абаев Жетітөбе көшесіндегі тұрғындармен кездесіп, жобаның барысын түсіндірген. Бұл туралы аудан әкімі өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады. Әкім тұрғындардың сауалдарына жауап беріп, негізгі қиындықтардың бірі – құрылыс жүргізу кезінде кейбір жер телімдерінің мемлекет қажетіне алынуы керек екенін айтты. Бұл – инженерлік инфрақұрылымды дұрыс орналастыру үшін қажетті шара. Сонымен бірге әкім жобаның сапасына ерекше назар аударылатынын атап өтті.

«Мақсатымыз – барлық жауапты органдардың үйлесімді жұмысы арқылы мәселені түбегейлі шешіп, тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасау», – деді Алмас Абаев.

Жергілікті биліктің айтуынша, жобаның толық іске асуы нәтижесінде Мирас шағынауданының мыңдаған тұрғыны тұрақты кәріз жүйесіне қосылып, санитарлық талаптарға сай өмір сүру мүмкіндігіне ие болады. Бұл тек инфрақұрылымдық мәселенің шешімі ғана емес, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам болмақ.
Айта кетейік, бүгінде еліміздегі кәріздік-тазарту құрылыстарының тозу деңгейі 60%-дан асып кеткен. Ал кейбір қалаларда тіпті 90%-дан асады. Әсіресе Көкшетау, Семей, Қонаев, Арқалық қалаларындағы жағдайдың нашар.

17news.kz- ақпарат

Advertisements