Әкім сапары: өндіріс пен инфрақұрылым

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков бірқатар өндіріс орындары мен әлеуметтік маңызы бар нысандарды аралап, олардың жұмыс барысымен танысты.
Қала басшысы картонның ПКС маркасын және дәретхана қағазын шығаратын «БумПром» ЖШС-інде болды. Бұл кәсіпорын Шымкенттің индустриялық әлеуетін арттыруға үлес қосып отырған маңызды өндіріс орындарының бірі саналады. Тәулігіне 50 тонна өнім өндіретін фабрика 70 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Айта кетейік, кәсіпорын шикізатты отандық нарықтан алып, өнімдерін негізінен Оңтүстік өңіріне таратады. Жергілікті тұрғындарға жұмыс беріп қана қоймай, күнделікті тұрмыста аса қажет өнімдер шығару арқылы ішкі нарықтағы сұранысты өтеп келеді.
Әкім кәсіпорын жұмысымен таныса отырып, салаға мемлекеттік қолдау көрсетудің маңызын атап өтті. Ол тиісті басқармаға өндірілген өнімнің өткізілуіне жәрдемдесіп, мемлекеттік жеңілдіктер мен ынталандыру тетіктерін қарастыруды тапсырды. Бұл қадам бір жағынан кәсіпорынның тұрақты дамуына жол ашса, екінші жағынан қала экономикасының өркендеуіне, жергілікті өндірістің нығаюына серпін береді.
Одан кейін Қойкелді батыр көшесіндегі теміржол үстінен өтетін көпірдің күрделі жөндеу жұмыстарын тексерді. Қаладағы көлік қозғалысы үшін стратегиялық маңызы бар нысанның құрылысшыларына барлық нормалар мен стандарттарды сақтай отырып, жұмысты жедел аяқтау міндеттелді. Ай соңына дейін көпір қайта ашылып, көлік қатынасы қалпына келмек.
Әкімнің сапары барысында әлеуметтік сала да назардан тыс қалған жоқ. Ғабит Сыздықбеков Әл-Фараби және Тұран ауданындағы №1 және №2 есту қабілеті бұзылған балаларға арналған мектеп-интернаттарды аралап, оқу процесі мен материалдық-техникалық базаның жағдайымен танысты. Ол балаларға сапалы білім беру үшін жүйелі тәсілді сақтау қажеттігін атап өтті.
Сонымен бірге қала тұрғындары үшін жайлы орта қалыптастыру жұмыстары да қадағаланды. Әкім Арғынбеков пен Бәйтереков көшелерінің қиылысында жаңадан абаттандырылған жасыл аймақта болды. Мұнда 2 200 шаршы метр аумақ көгалдандырылып, алдағы уақытта фонтан орнатылып, гүлзарлар саны артпақ. Бұған қоса, Бәйтереков көшесінің тазалығы тексеріліп, аудан әкіміне және жайлы ортаны дамыту басқармасына көшенің тазалығын күшейтіп, қоқысты дер кезінде шығаруды қамтамасыз етуді тапсырды.
17news.kz- ақпарат












