Цифрлық теңге –жаңа экономикалық серпін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауында елдің қаржы саласындағы стратегиялық бағыттарын айқындап берді. Мемлекет басшысы цифрлық активтердің толыққанды экожүйесін қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды.
Президенттің айтуынша, цифрлық теңгенің енгізілуі осы бағыттағы жұмысты жеделдетіп отыр. Қазіргі таңда жобаларды Ұлттық қор есебінен қаржыландыру кезінде цифрлық теңге қолданылып келеді. Енді оның қолданыс аясын кеңейтіп, республикалық және жергілікті бюджетте, сондай-ақ мемлекеттік холдингтердің бюджетінде пайдалануды жолға қою қажеттігі атап өтілді.
Бұл мақсатта Үкімет Қаржы нарығын реттеу агенттігімен бірлесіп, заң жобасын жан-жақты пысықтап, оны жыл соңына дейін қабылдау тапсырылды.
«Кейбір өңірлерде цифрлық теңгені пайдалану бойынша пилоттық жобалар іске асырылуда. Бұл мәселе менің тікелей бақылауымда. Қаржылық шығыстардың ашықтығын және оны қадағалауды қамтамасыз ету үшін біз цифрлық теңге қолданылатын жобалардың санын ұлғайтуды көздеп отырмыз. Мемлекеттік органдардың бірінші басшылары цифрлық теңге құралын пайдалану арқылы бюджет, Ұлттық қор есебінен қаржы бағытталатын салаларды кеңейту, сондай-ақ жобаларды ұлғайту бойынша түбегейлі шараларды қабылдасын», — деді Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Алатау қаласына арнайы мәртебе беріп, оны еліміздің жаңа іскерлік әрі инновациялық орталығы ретінде дамыту жөнінде нақты міндет қойды. Қаланы Үкіметке тікелей бағынатын етіп, он күн ішінде тиісті Жарлық әзірлеу жүктелді.
“Alatau City аймақтағы толық цифрланған алғашқы қалаға айналуға тиіс. Мұнда Smart City технологияларын қолданудан бастап тауарлар мен қызмет ақысын криптовалютамен төлеуге дейінгі жаңалықтың барлығы енгізілуі керек. Бұл қала Қазақстанның келешектегі келбетін танытпақ. Онда технологиялық өрлеуге және өмір сүруге барынша қолайлы жағдай үйлесім табуы қажет”,-деді Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда .
Президент Ұлттық банк пен Үкіметке банктердің қаражатын экономикаға тиімді тарту жолдарын қарастыруды міндеттеп, бұл мәселені кейінге қалдыруға болмайтынын айтты. Оның сөзінше, банктер туралы жаңа заң қабылдау – аталған бағыттағы маңызды қадам болмақ. Бұл құжатта экономиканың сұранысы мен технологиялық өзгерістер ескерілуі тиіс.












