Шымкенттен шығатын асқабақ майы немесе Канададан келген тәжірибе - 17news.kz ақпараттық-сараптамалық сайты

Шымкенттен шығатын асқабақ майы немесе Канададан келген тәжірибе

30

Айжан Машекей – «Ақ сабын» компаниясының негізін қалаушы, табиғи майлардан сапалы өнімдер шығаратын кәсіпкер. Ол Канадада оқып, сонда осы кәсіпті үйреніп, алғаш өнімдерін шығарған.

Сабынның да сабыны бар

Канададағы сабындар теріні құрғатпай, тырыстырмай, жұмсақ тазалайды. Қазақстанға келгенде, сол сапаны сақтау қиын болды, себебі жергілікті майлар табиғи емес, сапасы төмен болып шықты. Сондықтан шетелден авокадо майы, зәйтүн және кокос майларын импорттап пайдаланды. Бұл әдіс қаржылай үлкен шығын әкелді, өнімнің бағасы қымбаттап, өткізуі қиынға соқты.
Содан Айжан асқабақ майына көңіл аударды. Жамбыл облысынан 10 гектар жер телімін алып, алғаш рет асқабақ егіп, одан май өндірді. Сол майды өзі жасайтын сабындарға қосып, жақсы нәтижеге қол жеткізгенін айтады. Сабынның иісін жақсарту үшін және тұрлендіру үшін түрлі қоспа майларды қосуда. Нәтиже көңілімнен шықты дейді.

Асқабақтың майынан тұнба жасау тиімді

Асқабақ майы адам ағзасындағы паразиттерді жоятын, асқазанды, өт жолдарын тазалайтын және инсульт алған адамдарға өте пайдалы өнім болып шықты. Айжанның жолдасының денсаулығы қазір осы майдың арқасында жақсарып келеді, бұл дәрігерлерді де таңғалдырған.
Бүгінде компания майдан бөлек, скраб пен крем өнімдерін де шығаруда, әрі жақында ішіне ешкі сүті қосылған табиғи сабын өндірісін бастамақ. Егінге «Данае» деп аталатын асқабақ сорты егілген, ол майлылығы жоғары, құрамында А, Е витаминдері, магнийдің бірнеше түрі және Омега майлары бар. «Дегенмен сапалы дән алу үшін шетелден тұқым сатып алуға тура келеді. Өйткені, жергілікті асқабақтардың дәндері кішірейіп кеткен», — дейді кәсіпкер бізбенен әңгімесінде.
Өнім өндіру үшін Айжанда майды сығатын аппарат бар, бірақ дәндерді тазалайтын арнайы құрылғыға «Атамекен» грантын алса, өндірісін одан әрі дамытуға болады. 3 келі асқабақ дәнінен жарты литр май шығады. Қалған қалдықтар ауыл тұрғындарына мал азығы ретінде беріледі.
Скрабқа табиғи шөптер мен биыл алғаш егіп жүрген лавандадан алынған эфир майы қосылады. Бұл эфир майы бас ауруын басып, күйікті тез жазатын ерекше қасиетке ие. Егіншілікте 4 адам, зауытта 3 адам тұрақты жұмыс істейді. Мұнда күніне 10-15 литр май шығарылады, ал қораптар шетелден арнайы заказ бойынша жеткізіледі.
Жақында кейіпкеріміз Алматыдағы “Көк” базардан орын алыпты. Бұйыртса өнімі сол жерде сатылады.

 

Advertisements