
Қаратау ауданының аумағында инфрақұрылымдық жүйелермен қамту деңгейі жыл сайын тұрақты өсім көрсетуде. 2025 жылдың соңына дейін негізгі көрсеткіштер толықтай – 100%-ға жеткізіледі деп жоспарланып отыр. Атап айтқанда: ауыз сумен қамту – 99% (жыл соңына дейін 100%-ға); электр жарығымен қамту – 99%; табиғи газбен қамту – 98% (ағымдағы жылы 100%-ға жетуі көзделуде). Бұл туралы аудан әкімі Алмас Абаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте хабарлады.
Аудан аумағында ауыз сумен қамту мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ. Биылғы жылы қосымша екі елді мекен орталықтандырылған су жүйесіне қосылады. Қазір сол жерлердің жобалау-сметалық құжаттамалары дайындалуда.
Бұл – «Таскен» шағынауданының жаңа құрылыс аймағы мен «Тұран» шағынауданының жаңа құрылыс және гидрогеологиялық аумақтарын қамтиды. Бұл жобаларды «Астана Микс Групп» және «SK Best Spec-Stroy» компаниялары жүзеге асырады.
Сонымен қатар, «Сайрам» тұрғын алабында ескі су құбырларын жаңарту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. «Сайрам» тұрғын алабындағы 3 000-нан астам абонент бұған дейін «Родник 2004» ЖШС-дан тәулігіне 6–8 сағат қана ауыз су алып келген.
Мамыр айында келіссөздер нәтижесінде аталған мекеменің су ұңғымалары мен құбырлары «Су құбыры және канализация басқармасы» МКК теңгеріміне өтті. Бүгінде су беру уақыты тәулігіне 24 сағатқа дейін ұлғайтылып, ақаулар жойылды. Су есептегіш құралдары орнатылғаннан кейін тұрғындарға ауыз су тәулік бойы үздіксіз жеткізілетін болады. Ұқсас жағдай «Достық» тұрғын алабында да байқалды. Мұндағы 100 абонентке су жеткізіп отырған «Теміржолсу-Арыс» ЖШС меншігіндегі су жүйелерін «Су құбыры және канализация басқармасы» МКК балансына қабылдау жұмыстары жүргізілуде.
Инфрақұрылымды жаңарту – халық тұрмысын жақсартудың маңызды басымдығы. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі жалғасын табатын болады, – деді аудан әкімі.












