Қаратау ауданында жылыту маусымына дайындық жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде - 17news.kz ақпараттық-сараптамалық сайты

Қаратау ауданында жылыту маусымына дайындық жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде

31

Қаратау ауданының тұрғындары биылғы жылы да жылудың үздіксіз және сапалы берілуіне сенімді бола алады. Бұл — аудан әкімдігі мен коммуналдық қызметтердің жылу маусымына мұқият әрі жүйелі дайындық жүргізіп жатқандығының нәтижесі.

Аудан аумағында барлығы 626 көпқабатты тұрғын үй бар, оның ішінде 488 үй орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған, ал қалғаны – автономды жылыту жүйесін пайдаланады. Бұл көрсеткіштер тұрғындардың жылудың үздіксіз берілуіне деген сенімін арттырады.

Жылыту маусымына дайындық аясында орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған үйлерге «сығымдау» (опрессовка) жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар жылу жүйелеріндегі қысымды тексеріп, ақауларды анықтауға және жөндеуге бағытталған. Әкімдік бекіткен арнайы іс-шаралар жоспарына сәйкес, бұл жұмысты аудан аумағындағы 8 арнайы қызмет көрсетуші компания жүзеге асырып жатыр

Қазіргі уақытта барлық үйлердің 99%-ында, яғни 485 көпқабатты тұрғын үйде сығымдау жұмыстары толықтай аяқталды. Бұл – жылу жүйесінің сенімділігін арттыруға және тұрғындардың қысты жылы әрі жайлы өткізулеріне кепілдік береді.

Әлеуметтік нысандар да назардан тыс қалмайды. Жылыту маусымына дайындық тек тұрғын үйлермен шектелмейді. Аудан аумағындағы 251 әлеуметтік нысан – мектептер, колледждер, университет, балабақшалар, денсаулық сақтау мекемелері, спорт және мәдениет нысандары – толықтай қысқы маусымға дайындалды.

Мысалы, Сайрам тұрғын алабындағы №91 және №111 мектептері қазіргі кезде қатты отынмен жылытылады. Дегенмен, олардың табиғи газға қосылуы бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде. Қазір бұл мақсатта жобалау-сметалық құжаттамалар әзірленуде. Бұл жаңғырту жұмыстары мектептерде қауіпсіз әрі тиімді жылыту жүйесін қамтамасыз етуге бағытталған.

Жылыту маусымына сапалы дайындық — бұл тұрғындардың жайлы өмір сүру деңгейін арттырудағы ең маңызды кезеңдердің бірі. Қыстың қатал аяздарында тұрғындар жылусыз қалмауы тиіс. Сондықтан аудан әкімдігі мен коммуналдық қызметтер жылу желілерін тексеру, жөндеу және жаңарту жұмыстарын дер кезінде жүргізіп, қыс мезгіліне толықтай дайындықты қамтамасыз етуде.

Advertisements