Шымкенттік кәсіпкерлер «Даму» қоры арқылы өрісін кеңейтуде - 17news.kz ақпараттық-сараптамалық сайты

Шымкенттік кәсіпкерлер «Даму» қоры арқылы өрісін кеңейтуде

30

Шымкентте «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ ұйымдастыруымен баспасөз туры өтті. Іс-шара барысында өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері биыл маусым айында іске қосылған «Өрлеу» бағдарламасы арқылы мемлекеттен қолдау алған және даму серпінін көрсетіп отырған бірнеше кәсіпорынның жұмысымен танысты.

Баспасөз туры аясында журналистер үш кәсіпорында болып қайтты. Олардың қатарында – құрылыс материалдарын өндіретін «Ақ-Су Корпорациясы» ЖШС-і, медициналық жабдықтар шығаратын «QMP Qazmedpribor» ЖШС-і және мектепке дейінгі білім беру саласында қызмет көрсететін «Сауран» балабақшасы бар. Бұл кәсіпорындардың әрқайсысы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры ұсынатын түрлі қаржылық құралдарды пайдалану арқылы өндірістік әлеуетін арттырып, өңір экономикасының дамуына өз үлесін қосып келеді.

Айталық, «Ақ-Су Корпорациясы» ЖШС-і 2025 жылдың басында «Бірыңғай кешенді бағдарлама» аясында «Банк ЦентрКредит» АҚ арқылы қаржыландырылып, өндірісін жаңғыртты. Жылдық 18 пайыз мөлшерлеменің 10 пайызын «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры субсидиялап отыр. Тамыз айында компания «Өрлеу» бағдарламасы бойынша тағы да жеңілдетілген қаржыландыру алып, айналым қаражатын 12,6 пайызбен толықтыру мүмкіндігіне ие болды.

Ал, «QMP Qazmedpribor» ЖШС-і 2025 жылдың тамыз айында «Өрлеу» жеңілдетілген несиелендіру бағдарламасы аясында қаржыландырылып, медициналық құрал-жабдықтар шығара бастады. Компания дефибрилляторлар, стерилизаторлар, пульсоксиметрлер және өзге де медициналық құрылғылар шығарады. Қазіргі таңда олардың өнімдері отандық нарықта жоғары сұранысқа ие.

«Сауран» балабақшасы 2025 жылы «Даму» Қорының аймақтық филиалынан кеңес алып, «Банк ЦентрКредит» АҚ-на жеңілдетілген несиеге өтінім берді. Жоба «Өрлеу» бағдарламасы бойынша мақұлданып, 12,6 пайызбен қаржыландырылды. Сонымен қатар, «Гарантиялық қор-1» бағдарламасы аясында кепілдік механизмі қолданылып, балабақша ғимаратын кеңейтуге және қажетті құрал-жабдық сатып алуға мүмкіндік туды.
Жалпы биыл «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ ауқымды трансформациядан өтіп жатыр деуге болады. Кәсіпкерлерге бұрыннан таныс қолдау құралдары сақталғанымен, олардың ішкі құрылымы жаңартылып, тиімділік пен жеделдік артып отыр. Солардың бірі әрі бірегейі – «Өрлеу» бағдарламасы. Аталмыш бағдарлама пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға балама ретінде ұсынылған жаңа құрал болып табылады. Несие мерзімі 10 жылға дейін, бекітілген мөлшерлеме – 12,6 пайыз. Шымкент қаласында осы бағдарлама арқылы жыл басынан бері жалпы сомасы 24,6 млрд теңгені құрайтын 38 жоба қолдау тапты.
Шымкент қаласында 2025 жылдың 9 айында жалпы сомасы 8,5 млрд теңгені құрайтын 90 жобаға кепілдік берілген. Оның ішінде жалпы құны 5,9 млрд теңге болатын 52 жоба 1-ші Кепілдік Қоры аясында мақұлданды. Сондай-ақ, жыл басынан бері субсидиялау құралы арқылы жалпы сомасы 26,7 млрд теңгеге тең 154 жоба қолдау тапты.

Advertisements