
Шымкент қаласының өнеркәсіп саласында белсенді жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың саны 798 бірлікті (18 – ірі, 43 – орта және 737 – шағын кәсіпорындар) құрайды, оның ішінде 696-сы өңдеу өнеркәсібінде жұмыс істейді (14 – ірі, 38 – орта және 644 – шағын кәсіпорындар). Қаланың өнеркәсіп кәсіпорындары 2025 жылдың қаңтар-шілде айларында 812,6 миллиард теңгенің өнімін өндіріп, өнім көлемі 15,8 пайызға артты.
Өнеркәсіп саласында үлесі ауқымды өңдеу өнеркәсібінде 724,2 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өндіріс индексі 117,6 пайызды құрады. Өсім республикалық көрсеткіштен (РК – 106,1 пайыз) жоғары қалыптасып, өңірлер арасында 3-орында келеміз. Өңдеу өнеркәсібінің негізгі салалары – химия өнеркәсібінде, машина жасау, сусындар өндірісі, тамақ өнімдерін өндіру, мұнай өнімдерін қайта өңдеу, металлургияда өсу динамикасы байқалады.
Жалпы аумағы 1276 гектар болатын 7 өнеркәсіптік аймақта бүгінгі таңда 685,9 миллиард теңге сомасына 446 жоба іске асырылуда. «ОҢТҮСТІК» индустриялық аймағында 96 жоба жүзеге асуда. 2025 жылы 112 жаңа жұмыс орнын құрумен 30 миллиард теңгеге 1 инвестициялық жоба іске қосылды.
Жаңадан дамып келе жатқан «ЖҰЛДЫЗ» индустриялық аймағының жалпы аумағы 306 гектар. Онда 4800 жаңа жұмыс орнымен 69 жоба іске асырылуда. 2025 жылы 238 жаңа жұмыс орнын қамтитын 7 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Оның ішінде, 100 жаңа жұмыс орнын құрумен 1 инвестициялық жоба іске қосылды. Атап айтқанда, Sauran Bricks ЖШС-нің автоклавты газды бетон өндірісінде 100 жұмыс орны құрылды. «БОЗАРЫҚ» агро-индустриялық аймағының жалпы аумағы – 132 гектар. Аймақта 19 жобаны орналастыру жоспарланған, оның ішінде 50 жұмыс орнымен 1 жоба іске қосылды. Қала аумағында 1660 гектар аумақта қосымша 5 жаңа өндірістік алаңдарды құру жұмыстары жүргізілуде.












