
Шымкент қаласында шағын және орта бизнестің әлеуеті өте зор. 2025 жылғы қаңтар-шілде айларында қалада жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері 140,8 мыңға (заңды тұлғалар – 22 мың бірлік, дара кәсіпкерлер – 113,3 мың бірлік, шаруа қожалықтары – 5,5 мың бірлік) жетті.
Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш 6,5 пайызға артты. 2025 жылдың қаңтар-сәуір айларында шағын және орта кәсіпкерлікте жұмыспен қамтылғандар саны 244,8 мың адамға ұлғайып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 10,3 пайызға өскен.
Ал өндірілген өнім көлемі 2025 жылдың қаңтар-сәуір айларында 865,5 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 23,9 пайызға артқан. Жалпы өңірлік өнімдегі шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі 57,5 пайызға жетті.
Сонымен қатар, Шымкент қаласында шағын өнеркәсіп аймақтарының құрылысы жүргізілуде. Жалпы аумағы 76,1 мың шаршы метр болатын 3 жоба іске асырылуда. Олар – Orda NS Building ЖШС, Standard Steel KZ ЖШС және «Энерготранс-3» ЖШС.
Шағын өнеркәсіптік аймақтардың іске асырылуының нәтижесінде 150-ден астам шағын кәсіпорын ашылып, 500 адам жұмыспен қамтылады және бюджетке 1 миллиард теңге салық түсімдері күтілуде. 2025 жылдың қаңтар-шілде айларының қорытындысы бойынша қаланың бөлшек сауда көлемі 652,4 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 115,1 пайызды құрады.
Жыл соңына дейін бөлшек сауда көлемін 1 триллион 194,3 миллиард теңгеге жеткізу жоспарда тұр. Аталған көрсеткішке жаңадан ашылатын 8 сауда ойын-сауық орталығының және 11 сауда үйінің құрылысы, 10 жаңа сауда нүктесі (GraMad гипермаркеті) және базарларды жаңғырту жүргізу есебінен қол жеткізіледі. Көтерме сауданың көлемі 1 триллион 151 миллиард теңгеге жетті. 2025 жылдың қаңтар-шілде айларының қорытындысы бойынша қаланың жалпы сауда көлемі 1 триллион 807,7 миллиард теңгені құрады. Жыл соңына дейін жалпы сауда көлемін 3 триллион 207,1 миллиард теңгеге жеткізу жоспарланған.












