
Жыл басынан бері Шымкент қаласы прокуратурасы тарапынан 22 өзекті мәселе шешімін тауып, 135 инвестордың құқықтары қорғалды. Қала прокуратурасы, Кәсіпкерлер палатасы және басқарма бірлесе отырып, ұтымды шешімдер қабылдап, тиісті жұмыстар жүргізуде.
Кәсіпкерлер мен инвесторлардың құқықтарын қорғау жөніндегі мобильді топ белсенді жұмыс атқарады. Бұл бағыттағы жұмыс жоспарлары мен бірқатар мәселелер дөңгелек үстел барысында талқыға салынуда.
Жалпы шаһарда кәсіпкерлерді қолдау – әрдайым басты назарда. Инвестициялық жобаларды іске асыру үшін мемлекет тарапынан әртүрлі преференциялар көрсетілуде. Инвестициялық жобаларға мониторингті цифрландыру мақсатында өткен жылы ұлттық цифрлық инвестициялық платформа іске қосылған болатын. Ол инвесторлармен алғашқы келіссөздерді басқаруға мүмкіндік береді. Инвест платформа 2024 жылдан бері жұмыс істейді. Инвесторларға үш рет семинар өткізілді. Жоба бойынша инвесторлар мәліметтерді өздерінің жеке электронды цифрлық қолданбасы арқылы енгізіп отырады. Алайда, инвестормен тікелей жұмыс жасаған кезде мәліметтерді жаңарту, ақпараттарды енгізуде бірқатар қиындықтар туындап жатады. Себебі, өз мерзімінде уақытылы енгізбейді. Сол себепті платформада мәліметтер кешігіп шығады. Ендігі кезекте кемшіліктердің алдын алып, мәселені реттеуге күш салынып жатыр. Әр инвестормен жеке-жеке жұмыс істелуде.
Сондай-ақ, өңірлік үйлестіру кеңесі отырысының хаттамалық шешімі бойынша инвесторларға индустриалды аймақтарда жер учаскелерін беруде созбалаңға салыну мәселелері де болды. Қазір бұл бір жүйеге келтірілді. Шымкент қаласының Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының жанынан фронт-офис ашылды. Барлық индустриалды аймақтарда жерді рәсімдеу бойынша қолдау көрсетілуде. Қазіргі жұмыстар толықтай жүйеленді. Жер телімдерін рәсімдеу мерзімін 30-45 күнге қысқартылды. Жалпы әділетті, заңды кәсіпкерлікке айналатын жобаларға қолдау көрсетілуде. Бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі де жалғастырылмақ.












