
Астана қаласындағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында қазақ күресінен өткен дәстүрлі XV республикалық «Қазақстан барысы – 2025» турнирінде Шымкент қаласының намысын қорғаған балуан Марат Байқамұров жеңімпаз атанды. Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы Құранбек “Қазақстан барысы-2025” турнирінің жеңімпазы туралы айтып, оның жетістіктеріне тоқталды.
Финалдық белдесуде ол Абай облысының балуаны Ерасыл Қажыбаевпен кездесіп, айқын басымдықпен жеңіске жетті. Бұған дейін Марат бес қарсыласын тізе бүктіріп, финалға жол ашқан болатын. «Найман» лақап атымен танылған спортшы шешуші сында да қарсыласына мүмкіндік бермей, алтын белбеу мен «Қазақстан барысы» атағын иеленді.
Бұл жеңіс – Шымкент спорты үшін тарихи жетістік. Себебі «Қазақстан барысы» турнирінің тарихында алғаш рет Шымкент қаласынан шыққан балуан чемпион атанып отыр. Айта кетейік, 2024 жылы дәл осы жарыстың финалында Абай облысының балуаны Ерасыл Қажыбаев шымкенттік Ерсұлтан Мұзаппаровты жеңген болатын. Биыл Марат Байқамұров сол кеткен есені қайтарып, қала спортсүйер қауымына зор қуаныш сыйлады.
Марат Байқамұровтың бұл жеңісі – тек жеке жетістік емес, Шымкенттегі спорт мектебінің әлеуетін дәлелдеген маңызды оқиға. Айта кетерлігі, бұл оның «Қазақстан барысы» турниріне үшінші рет қатысуы және ең сәтті көрсеткіші болып отыр.
«Қазақстан Барысы» жобасы ел халқының саламатты өмір салтын ұстанып, бұқаралық спортты серік етуіне, ұлттық құндылықтарды жоғары қойып, қазақ күресі спортының тынысын ашуға үлкен серпін беріп келеді.
«Қазақстан Барысы» жобасы танымал журналист, «КТК» телеарнасының бас директоры Арман Шораевтың идеясымен халыққа жол тартты.Алдымен, «Қазақстан Барысы» турнирі облыстық деңгейде Қызылорда жерінде ұйымдастырылды. Ал, республикалық деңгейдегі алғашқы дода 2011 жылдың тамыз айында Астанадағы «Дәулет» спорт кешенінде өтті.












