Шымкент: Әлеуметтік сала қызметкерлері күні аталып өтеді - 17news.kz ақпараттық-сараптамалық сайты

Шымкент: Әлеуметтік сала қызметкерлері күні аталып өтеді

23

Қазан айының соңғы жексенбісі елімізде әлеуметтік сала қызметкерлерінің күні ретінде аталып өтеді. Бұл – қоғамның әлсіз топтарына қолдау көрсетіп, адамдардың өміріне мейірім мен жылулық сыйлайтын мамандардың еңбегін дәріптейтін маңызды мереке.

Бүгінде Шымкент қаласында 1 913 әлеуметтік сала қызметкері жұмыс істейді. Оның ішінде 1 688 маман мүгедектігі бар балалар мен ересектерге, жалғызілікті қарттарға және өз-өзіне қызмет көрсете алмайтын азаматтарға көмек көрсетсе, 30 қызметкер отбасының беріктігін нығайту бағытында еңбек етуде. Ал 195 әлеуметтік қызметкер халықты жұмыспен қамту және еңбек нарығындағы белсенділікті арттыру бағытында жұмыс атқарып келеді.
Қалада қазіргі таңда 13 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы, 1 санаторлық-курорттық қызмет көрсету орталығы, мүгедектігі бар азаматтарға арналған 1 әлеуметтік қолдау орталығы, 1 отбасын қолдау орталығы, сондай-ақ Еңбек мобильділігі орталығы мен әр ауданның мансап орталықтары халыққа қызмет көрсетіп отыр.
Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында психоневрологиялық ауытқуы бар, тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедектігі бар балаларға, 18 жастан асқан психоневрологиялық ауруы бар азаматтарға және өзіне-өзі қызмет көрсете алмайтын І-ІІ топтағы мүгедектер мен жалғызілікті қарттарға көмек көрсетіледі. Қызметтер стационар, жартылай стационар, үйде қызмет көрсету және уақытша болу жағдайында ұйымдастырылған.
2025 жылдың 1 қазанына дейін қала бойынша 3 236 адам арнаулы әлеуметтік қызмет түрлерімен қамтылған. Оның ішінде стационар жағдайында – 752 адам, жартылай стационарда – 793 адам, уақытша болу жағдайында – 402 адам, ал үйде қызмет көрсету бойынша – 1 289 адам көмек алған.
Әлеуметтік саладағы «Ізетті зейнеткер» коммуналдық мемлекеттік мекемесі жыл басынан бері 1 772 еңбек ардагеріне сауықтыру емі мен демалыс ұйымдастырған. Ал мүгедектігі бар азаматтарды әлеуметтік қолдау бағытында жұмыс істейтін «Тең қоғам» орталығы 2025 жылдың басынан бері 14 703 адамға қызмет көрсеткен. Орталықта әлеуметтік портал арқылы қажетті техникалық құрылғыларға тапсырыс беру, ЭЦҚ кілтін ашу, тұрғын үй кезегіне немесе шипажай жолдамасы алу кезегіне тіркелу сынды қызметтер көрсетіледі.
Сонымен қатар, «Отбасын қолдау» орталығының әлеуметтік қызметкерлері биылғы жылдың тоғыз айында өмірлік қиын жағдайға тап болған, аз қамтылған және көпбалалы санаттағы 7 051 отбасына 10 773 қызмет түрін ұсынған.
Әлеуметтік сала мамандарының табанды еңбегі мен адамгершілік миссиясы – қоғамның берік іргетасы. Бұл саладағы қызметкерлердің кәсібилігі мен қамқорлығы мыңдаған адамның өмір сапасын жақсартып, әлеуметтік әділдік пен бірлікті нығайтуға өз үлесін қосып келеді.

Advertisements