Шымкентті дрондар бақылауда

Шымкент қаласы әкімдігі мен «Қазақтелеком» АҚ «Smart Shymkent» жобасы аясында қаланы басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған жаңа жоба іске қосылды.
Қала аумағындағы стратегиялық нысандарды бақылау үшін 5 дроннан тұратын бірыңғай инфрақұрылымды пилоттық режим іске қосылды. Жоба қалалық мәселелерді жедел әрі тиімді шешуге мүмкіндік береді.
Дрондардың негізгі артықшылықтары:
* Заңсыз құрылыс пен жер иемденуді автоматты анықтау;
* Қоқыс алаңдарын жедел мониторингілеу;
* Құрылыс барысын фото-бейне бақылау;
* Төтенше жағдайларда жедел әрекет ету.
Бұл бастама қаланың экологиялық жағдайын жақсартуға, қауіпсіздікті арттыруға және басқару процестерінің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған.
«Ақылды жүйемен» жабдықталған құралдар экологтардың сенімді көмекшісіне айналып отыр. Бұған дейін сала мамандары Шымкенттің шет-шетін жаяу жүріп араласа, енді пайда болған күл қоқыс алаңдары «алақандағыдай» көрінеді.
Жоғарыдан жүргізілген тексеріс нәтижесінде 46 қоқыс үйіндісі анықталды. Қоқыстың көзі жойылды.
Дрондар тек қоршаған ортаны қорғауға ғана емес, заңсыз құрылыстарды дер кезінде тоқтату үшін де қолданыла бастады. Сонымен қатар жол жөндеу мен әлеуметтік нысандардың жұмысы туралы шынайы деректер алуға пайдаланылады. Төтенше жағдайларды анықтап, жедел әрекет етуге мүмкіндік туды. Ал пилотсыз аппараттардың үздіксіз жұмыс істеуі үшін байланыс сапасы күшейтілді.
«Көптеген жаңа базалық станциялар іске қосылды. Одан бөлек 300-ден астам базалық станцияға жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Қала аумағында сапаны жақсарту арқылы цифрландырудың әртүрлі өнімдерін пайдалануға мүмкіндік беріп отыр. Алдағы уақытта басқармалармен осы сияқты дрондарды жалға алу немесе сатып алу мәселесі қаралатын болады»,-деді қалалық Цифрландыру басқармасының басшысы Мұхит Кемелов.
Пилоттық жоба сынақтан сәтті өтсе, келесі жылы өзге де салаларға енгізіледі. Жауапты мамандардың айтуынша, «Smart Shymkent» жобасы арқылы жасанды интеллектіні дамытып, жедел, қауіпсіз әрі қатесіз жұмыс жүргізу жоспарланған.












