Шымкентте экотуризмді дамыту жобалары жүзеге асырылуда

Бүгін Шымкент қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметінде қала әкімінің орынбасары, әкімдіктің ресми өкілі Сәрсен Құранбек кезекті баспасөз мәслихатын өткізді. Онда апта ішіндегі өзекті әлеуметтік, құрылыс және спорт саласындағы маңызды мәселелер талқыланды. Соның бірі – шаһардын экотуризімін дамытуға бағытталған «Omir Shymkent» глэмпинг жобасы.
“Шымкент қаласының Маятас тұрғын алабында табиғат аясында жайлы әрі заманауи демалыс ұсынатын «Omir Shymkent» глэмпинг жобасы іске асырылуда. Жоба қаланың туристік әлеуетін арттырып, ішкі туризмді дамытуға, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және өңірдің инвестициялық тартымдылығын күшейтуге бағытталған”,- деді әкімдіктің ресми өкілі Сәрсен Құранбек.
Инвесторларға жалпы аумағы 53 гектар жер телімі бөлініп, жобаға 2,5 миллиард теңге инвестиция салынған. Құрылыс жұмыстарының алғашқы кезеңінде 15 құрылысшы тұрақты жұмыспен қамтылды. Бүгінгі таңда 9 глэмпинг, 2 капсулалық үй және мейрамхана ғимаратының құрылысы жүргізілуде.
Келесі кезеңде 38 глэмпинг, 18 капсулалық үй, заманауи мейрамхана, SPA-аймақ, бассейн, спорттық алаңдар, амфитеатр, сондай-ақ жылқы шаруашылығына арналған аумақ пен вино дайындау кешенін салу жоспарланған.Жобаның бірінші кезеңін 2026 жылдың наурыз айында пайдалануға беру жоспарланған. «OMIR SHYMKENT» кешені іске қосылғаннан кейін Шымкенттің жаңа туристік тартылыс орталығы ретінде өңір экономикасына оң әсерін тигізеді деп күтілуде. Пайдалануға берілгеннен кейін кешенге қызмет көрсету және пайдалану саласында 30-дан 50-ге дейін тұрақты жұмыс орындарын құру жоспарлануда.
Жоба толық жүзеге асқанда, өңірде жаңа жұмыс орындары ашылып, экотуризм саласы жаңа серпін алады. Бұл бастама Шымкенттің туристік имиджін нығайтып, қаланы инвестиция тартуда тартымды орталықтардың біріне айналдыруға мүмкіндік береді.












