“Учур” жастар театры “Бетпе-бет” қойылымын қойды - 17news.kz ақпараттық-сараптамалық сайты

“Учур” жастар театры “Бетпе-бет” қойылымын қойды

5

Орталық Азия елдері театрларының IX Халықаралық фестиваліне қатысушы Қырғыз Мемлекеттік «Учур» жастар театры Шыңғыс Айтматовтың «Бетпе-бет» шығармасын сахналады.
Шыңғыс Айтматовтың «Бетпе-бет» романыны желісінде қойылған спектакль «бұл біздің соғыс емес» дейтін Сейде мен Исмаил образдары арқылы тарихи оқиғаны жеткізген. Өнердің құдыретіне бас иеген әртістер бұл жолы, асқан тебіреніспен, түрлі эмоцияны бастан кешті. Сахнадағы оқиғалар көрерменнің көзіне жас үйірді. Ашаршылық жылдары, соғыс зұлматы жан-жақтан болған қысымдар өмір сүруді қиындатқан еді. Сатқындық пен махаббат қатар келіп, ұлы сезімді сөндіргісі келмейтін ғашықтардың әрекеті көрермендерді тәнті етті.
Айта кетейік, «Учур» жастар театры бұған дейін Қазақстанда өткен 2 фестивальге қатысып, жүлделі 1 орынды қанжығасына байлаған. 2021 жылы ашылған бұл театрдың Халықаралық деңгейде өнер көрсетіп жатқан, үшінші қойылымы екен. Шамиль Дыйканбаевтің режиссерлығымен қойылған «Бетпе-бет» спектаклі Қырғыз елінде ең үздік деп бағаланған қойылымдардың бірі.
Айта кетейік, биыл Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрының құрылғанына 95 жыл толып отыр. Осыған орай 6-11 қараша аралығында Шымкент қаласында Орталық Азия елдері театрларының IX халықаралық фестивалі өтуде. Өнер мерекесіне елімізбен қатар Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Қарақалпақстан, Татарстан, Әзірбайжанның театр ұжымдары қатысуда.
Фестивальдің қорытындысы мен жабылу салтанаты 11 қараша күні сағат 18:00-де Шымкент қаласындағы «Tulip Hall» мәдениет сарайында өтеді, онда үздік өнерпаздар мен шығармашылық ұжымдар марапатталады.

Advertisements