Түркістанда «TMDT LIVE» шығармашылық кеші өтті - 17news.kz ақпараттық-сараптамалық сайты

Түркістанда «TMDT LIVE» шығармашылық кеші өтті

8

Түркістан музыкалық драма театры төрт труппаны қамтыған ерекше шығармашылық кеш өткізді. «TMDT LIVE» жобасы – театрдың драма, вокал, балет труппасы мен «Түркістан» ансамблінің бір сахнада тоғысқан бірегей өнер кеші.

Театр ұжымының жыл бойы атқарған жұмысы қорытындыланған кешке Түркістан облысы әкімінің орынбасаны Бейсенбай Тәжібаев, зиялы қауым мен БАҚ өкілдері де қатысты.
Кеш барысында театр репертуарындағы қойылымдардан бөлек, актерлердің, музыканттардың және бишілердің өнері еркін форматта ұсынылды. Авторлық музыкалық шығармалар, сахналық көріністер, заманауи хореография және көрерменмен интерактивті бөлімдер ұсынылды. Жарасымды әзілдер мен әсерлі әуендер, поэзия, барлығы да көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Театр басшысы Әлімхан Мырзахан жыл бойы қолдау білдіріп келген тұрақты көрермендерге алғыс айтып, арнайы марапат табыстады. Сонымен қатар төртінші маусымда атқарған жұмыстарына тоқталды. Бір маусымда шығармашылық топ бес жаңа премьерасы ұсынған. Атап айтсақ «Вальс королі» музыкалық драмасы,«Жалдамалы пәтер» музыкалық драма комедиясы, «Шейх Санаан. Фатум» драмасы, «Түркістан» ансамблінің мерекелік гала концерті, «Қара сөз» пластикалық спектаклі. Бұл қойылымдар театр репертуарын жаңартып қана қоймай, әртүрлі жанр мен стильдегі ізденістердің нәтижесін көрсетті. Әр премьера – көрерменмен жаңа бір диалог, жаңа бір эмоциялық тәжірибе болды.
Айта кетейік, облыстың ең жас театры 26-28 маусым күндері Астана қаласына гастрольдік сапармен барады. Онда елордалық көрермен назарына «Шейх Санаан», «Түркістан» ансамблі және «Вальс королі» қойылымдарын ұсыну жоспарланып отыр. Бұл гастроль – театр үшін үлкен жауапкершілік пен мәртебе дейді ұйымдастырушылар. Өйткені еліміздің бас қаласына Түркістан театрының шығармашылық әлеуетін көрсету – ұжым үшін зор мотивация және даму сатысы болмақ.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Advertisements