
Шымкент 2018 жылы республикалық маңызы бар қала мәртебесіне ие болып, дамудың жаңа тарихи кезеңіне енді. Бүгінде Шымкент – Қазақстанның қарқынды дамып келе жатқан қаласы. 2024 жылдың алғашқы 5 айында ғана қалаға 203,7 млрд теңге инвестиция тартылған болса, 2025 жылдың 3 айында 233 млрд теңге инвестиция тартылды. Мұның өзі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 54 пайызға жоғары көрсеткіш. Ел Үкіметі бекіткен декомпозицияға сәйкес 2025 жылы Шымкентке 1 триллион 54 млрд теңге инвестиция тарту көзделген.
Қала аумағында орналасқан жалпы аумағы 1276 гектарды құрайтын 7 өнеркәсіптік аймақта құрылыс материалдары, ауыр металлургия, шыны өндірісі, машина жасау, жиһаз өндірісі, фармацевтика және тоқыма өнеркәсібі саласында жалпы құны 225 млрд теңгені құрайтын 8,5 мың жаңа жұмыс орнын құрайтын, 293 жоба іске асырылды. Оның ішінде ірі жобаларға тоқтала кететін болсақ: «Тассай» индустриялық аймағында машина жасау саласында Орта Азияда баламасы жоқ жалпы құны 20,1 млрд теңгені құрайтын «Asia Trafo» ЖШС-ның трансформатор зауыты 2019 жылы құрылды. Сондай-ақ еліміздегі ең ірі кілем өндіретін зауыт «Бал Текстиль» ЖШС «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында жобасын сәтті іске асырып келеді. Одан бөлек, «Оңтүстік» индустриялы аймағында орналасқан «QazAlpack» зауыты – Орталық Азиядағы алюминий қалбырлар өндіру бойынша бірегей жобаны іске асырған алғашқы компания.
Аталған жобалар қала бюджетіне 60,3 млрд теңге қаржы түсіріп, өнеркәсіптік аймақтарға кеткен 1 теңге бюджеттік инвестицияға 12,5 теңге жеке инвестиция тартылды. Cондай-ақ қаланың өнеркәсіптік өнім көлемі 1,9 есе өсті.
“Аймаққа жеке инвестиция тарту әкімдердің ең басты міндетінің бірі болуы керек. Барлық мемлекеттік орган ел экономикасына мейлінше көбірек инвестиция тартуға баса мән беруге тиіс. Бұл – негізгі басымдық, олардың жұмысы да соған сәйкес бағалануы кере”к, – деген еді Мемлекет басшысы.
Шымкенттің инвестициялық тартымдылығының негізгі факторларының бірі – дамыған индустриялық аймақтардың болуы.
Қазіргі уақытта қалада 7 индустриялық аймақ (1 арнайы экономикалық және 6 индустриялық аймақ) жұмыс істейді. Олар:
«Оңтүстік» ИА
«Тассай» ИА
«Сауда -логистикалық орталығы» ИА
«Жұлдыз» ИА
«Бозарық» ИА
«Ордабасы» жекеше индустриялық аймағы
«Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы