ШЫМКЕНТТЕ БАЙДАРКА ЖӘНЕ КАНОЭДЕ ЕСУДЕН СПОРТ МЕКТЕБІНІҢ АШЫҚ БІРІНШІЛІГІ ӨТУДЕ
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай байдарка мен каноэде есуден Л.Тәжиева атындағы № 4 спорт мектебінің ашық біріншілігі ұйымдастырылды.
Жарыста 2010-2011 жылы туған және одан кіші жасөспірімдер 150, 200 метр қашықтық бойынша бақ сынайды. Жалпы 70 жас спортшы қатысуға өтініш берген.
Іс-шараның ашылу рәсімінде қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Маратбек Мықтыбеков, әлем чемпионы Біржан Жақыпов, Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Жазира Жаппарқұл жасөспірімдерді бүгінгі мерекемен құттықтап, жарыста сәттілік тіледі.
Саламатты өмір салтын насихаттауды мақсат еткен сайыс Дендросаябақта алғаш рет өткізілуде. Басқарма басшысы байдарка және каноэде есу спортын осы аумақта да дамыту жоспарда бар екенін атап өтті. Бұл спорт түрі қалада қарқынды дамып келеді.
Биылғы Париж Олимпиадасына аталған спорт түрінен қаладан 3 спортшы жолдама алды. Сергей Емельянов пен Руфина Искакова биыл Азия чемпионатының жеңімпазы атанған болатын.