Шымкентте 176 БАҚ бар
Кеше Шымкентте 28 маусым «Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне» арналған салтанатты кеш өтті.
Мерекелік кешке қатысқан қала әкімі Ғабит Сыздықбеков бірқатар БАҚ қызметкерлеріне мемлекеттік наградалар, алғыс хаттар табыстап, мерекелерімен құттықтады.
-Сіздерге еңбектеріңіз бен мамандыққа адалдықтарыңыз үшін ризашылығымды білдіремін. Бұқаралық ақпарат құралдары біздің өмірімізде маңызды рөл атқарады. Күн сайын журналистер бізді соңғы жаңалықтармен таныстырып, уақыттың тынысын айқындайды. Бұл күні бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне жемісті жұмысы мен ынтымақтастығы үшін алғыс айтқым келеді,- деді қала басшысы құттықтауында.
Қазіргі таңда Шымкентте ресми түрде 176 бұқаралық ақпарат құралы жұмыс істейді. Олар күн сайын қоғам мен билік арасында диалог орнатуда өз үлестерін қосып жүр.
Журналистер қашанда жоғары кәсібилігімен және жауапкершілігімен ерекшеленіп келеді. Жалпы айтанда, олардың қоғам алдындағы парыз ауқымды. Ең бастысы, журналистің кәсіби парызы, әлеуметтік жауапкершілігі, адалдығы мен шыншылдығы, өзара бәсекелестігі мен ауызбіршілігі мықты болуы қажет.
Шымкенттік БАҚ өкілдерімен кездескен қала әкімі оларды тек мерекелерімен құттықтап қойған жоқ, сонымен бірге олармен бір қатар мәселелер жөнінде де әңгімелесті.
Соның бірі “Спутник” алаңын Журналистер алаңы деп өзгерту туралы бастама көтерілді. Әкім өз кезегінде игі бастаманы қолдап, ономастикалық комиссияның қарауына ұсынуды тапсырды.