Шымкенттік теннисші жастар арасындағы беделді жарыстан жүлдемен оралды
Батумиде жастар үстел теннисі турнирі өтті. Грузия мемлекетінің Батуми қаласында “WTT YOUTH CONTENDER BATUMI 2024“ турнирі өз мәресіне жетті! Іс-шараға он елден 120 спортшы қатысты. Атап айтар болсақ, турнирге Әзірбайжан, Англия, Армения, Беларусь, Грузия, Израиль, Қазақстан, Литва, АҚШ, Түркия, Украина және Өзбекстан спортшылары қатысты.
Осындай бір үлкен додада Ел намысын қолдан бермеген , Шымкент қаласының спортшысы
Абай Жұмағұл U-11 жас ерекшелігінде алтын жүлдемен қанжығасын байлап, чемпион атанды.
Абай Жұмағұл 2013 жылы туылған. 2011 жылғы ағасы Марлен екеуін әкесі Мұхтар үстел теннисіне баулыған. Өзі жаттықтырған. Жеке бапкерлері болған. Қос ұлының тенниске деген қызығушылығы мен дарынын байқаған әке оларды қалалық үстел теннисі орталығына әкеледі. Олардың орталықта жаттығып жүргендеріне 1,5 жыл болыпты.
Шымкент қаласы үстел теннисінен аға жаттықтырушы әрі Абай мен Марленнің жеке тренері Бекұлан Жамалдың айтуынша, қос бауырдың әр қайсысы өз жас ерекшелігінде чемпион.
«Абай Жумағұл бұған дейін Астана қаласында, 2013 жылы туылғандар және одан кіші спортшылар арасында өткен үстел теннисінен Қазақстанның абсолютті чемпионы атанған болатын. Аталмыш жарыста Абай 4 категорияда: командалық, жекелей, жұптық, аралас – бір қыз бір бала болып өнер көрсетті. Барлығында да ұтып, 4 алтын алды. Одан соң Абай жақында ғана Алматы қаласында өткен “WTT YOUTH CONTENDER ALMATY” халықаралық турниріне қатысты. 17 ел арасында 230 спортшы қатысқан осындай бір үлкен додада Абай U-11 жас ерекшелігінде алтын жеңіп алды,»,-дейді Бекұлан Жамал.
Жаттықтырушы биылғы жылдың 6 айында Абайдың 4 халықаралық жарысқа қатысқанын айтады. Оның үшеуінде жеңіске жетсе, біреуінде ғана есе жіберіп алыпты.
Осы тұста айта кетейік, Шымкентте теннис орталығы 2022 жылы ашылған. Спорттық нысан Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы орталық стадион аумағында орналасқан. Мамандандырылған залда 12 үстел бар және тек аймақта ғана емес, республика көлеміндегі теннисшілер жарыстарға дайындалып, оқу-жаттығу жиындарын өткізіп, турнирлер ұйымдастыруда. Теннис сүйер қауымға әрі жас спортшыларға бұл қуанышты белгілі кәсіпкер Серікжан Сейітжанов сыйлады.
– Шымкентте спорттық инфрақұрылымның жағдайы жыл сайын жақсарып келеді. Оған спортпен шұғылданатын жасөспірімдернің қарасынан аңғаруға болады. Бұл нысан қалада бұқаралық спорттың дамуына өз септігін тигізуде. Шаһарда үстел теннисімен жалпы 150-200 спортшы шұғылданады,-дейді Бекұлан Жамал.
Ұл-қызын қандай спорттық үйірмеге қатыстырарын білмей жүрген ата-аналырдың құлағына алтын сырға! Орталық 6-9 және 9-16 жас аралығындағы балаларды қабылдайды. 6-9 жас арасындағы балалар орталықта тегін жаттыға алады.