Шымкентте жаңа автобустар мен газ станциялары іске қосылмақ - 17news.kz ақпараттық-сараптамалық сайты

Шымкентте жаңа автобустар мен газ станциялары іске қосылмақ

8

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында «2024 жылдың 9 айында жолаушылар тасымалы саласында атқарылған жұмыстар туралы» тақырыбында өткен баспасөз конференциясында айтылды.

Шымкент қаласында жолаушыларды тасымалдау қызметі тұрақты дамуда. Бүгінгі таңда 80 бағытта күнделікті 947 автобус жолаушыларды тасымалдайды. Бұл маршруттарға 11 көлік компаниясы қызмет көрсетуде. Қала бойынша автобустардың жалпы саны 1150-ге жетті: 44 автобус 3 жылға дейін, 1090 автобус 5 жылға дейінгі мерзімде жұмыс істесе, 7 жылдан асқан көліктер саны – 16.

Қоғамдық көліктердің барлығы GPS трекерлерімен жабдықталған, бұл қызметтің сапасын бақылауды қамтамасыз етеді. Автопарктің 615 автобусы сығымдалған газ-метанды қолданса, 535 автобус дизель отынымен жұмыс істейді. Қаладағы көлік инфрақұрылымын жақсарту мақсатында екі газ толтыру станциясы қызмет көрсетіп отыр, ал жыл соңына дейін «Shymkent Bus» автопаркінде үшінші газ станциясы іске қосылмақ. Бұл жаңа станция қаладағы газбен қамту мәселесін түбегейлі шешеді деп күтілуде.

Әлеуметтік маңызы бар маршруттар да назардан тыс қалмаған: 77 бағыт осы санатқа кіріп, жергілікті бюджеттен 33,2 млрд теңге субсидия бөлінді. Сонымен қатар, биыл тасымалдаушы компаниялар өз автопаркін жаңартуды жалғастырды: 19 жаңа автобус сатып алынды, ал «Shymkent Bus» 200 жаңа автобус алуға «Өндірістік даму қоры» АҚ-нан мақұлдау алды. Жыл соңына дейін кезең-кезеңімен 100 автобус жеткізіледі деп жоспарлануда.

Бұл шаралар Шымкент тұрғындарына қоғамдық көліктегі қызмет сапасын арттыруға бағытталған.

Жиында Шымкент қаласының қоғамдық көлік қызметін дамыту мен тасымалдаушылардың жауапкершілігін арттыру мақсатында маңызды өзгерістер енгізілгені де сөз болды. Енді тасымалдаушыларға қойылған талаптарды бұзған жағдайда айыппұл мөлшері 1,5%-дан 3%-ға дейін ұлғайды. Автобустардың аялдамаға тоқтамауы немесе кестеден 15 минутқа кешігуі/ерте келуі автоматтандырылған жүйе арқылы бақылауда. Жыл басынан бері бұл шаралар қала бюджетіне 424,5 млн теңге үнемделуіне септігін тигізді.

Қала тұрғындарының сұранысына байланысты жаңа маршруттар ашылды. «Тұран», «ШымСити», «Нұртас», «Ақжайық» шағын аудандары арқылы өтетін №3 айналма маршрут пен «Оңтүстік» шағын ауданындағы №4 маршрут іске қосылды. Сонымен қатар, 22 маршруттың қозғалыс сызбалары өзгертіліп, жолаушылар ағынының өсуіне байланысты 17 маршруттың қозғалыс кестесі кеңейтілді. 9 маршруттың жұмыс уақыты түнгі 23:00-ге дейін ұзартылып, тұрғындардың түнгі уақытта қала ішінде қолайлы жүріп-тұруы қамтамасыз етілді.

2024 жылдың 1 мамырынан бастап, 14 әлеуметтік санатқа жататын азаматтарға қоғамдық көлікте тегін жол жүру құқығы берілді. Бұл жеңілдік 319 мың тұрғынды қамтиды. Жеңілдік карталарын алу үшін қалада төрт арнайы пункт ашылды.

Шымкент қаласында 2335 аялдама орны бар, оның 838-і жаңа типтегі аялдамалар. Бұл өзгерістер жолаушылардың жайлылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

 

Advertisements