Бибісара Асаубаева Шымкенттегі ФИДЕ гран-приінде қолаға қол жеткізді
Шымкент қаласында өткен әйелдер арасындағы 2024-2025 жылғы ФИДЕ Гран-приінің екінші кезеңінде Қазақстанның шахмат жұлдызы Бибісара Асаубаева 3-ші орынға ие болды. Қызықты әрі тартысты өткен 9 турдың нәтижесінде Бибісара әлемнің ең мықты шахматшыларымен бәсекеге түсіп, өз шеберлігін дәлелдеді.
9 турдан тұратын тартысты жарыста 7 ұпаймен Ресей гроссмейстері Александра Горячкина бірінші орынды иеленсе, 6½ ұпаймен Қытайдың экс-әлем чемпионы Тань Чжунъи екінші орынға шықты. Ал Қазақстанның әйелдер құрамасының көшбасшысы, 45-ші Дүниежүзілік шахмат олимпиадасының күміс жүлдегері Бибісара Асаубаева 5 ұпаймен 3-ші орынды жеңіп алды.
Турнирдің жабылу салтанатына Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов, KazChess бірінші вице-президенті Дәрмен Сәдуақасов және ФИДЕ өкілдері қатысты. Қуаныш Асылов өз сөзінде бұл жарыстың тек спорттық бәсекелестік ғана емес, сондай-ақ әйелдер шахматын дамыту мен жаңа таланттарды ашуға ықпал еткенін атап өтті.
ФИДЕ Гран-приінің әр кезеңінің жүлде қоры 80 000 еуроны құрайды, ал турнирдің жалпы жүлде қоры $600 000-ға жетеді. Бибісараның бұл жетістігі Қазақстан шахматын әлемдік аренада танытуға үлкен үлес қосып, жас спортшыларға зор мотивация береді.
Бибісара Асаубаева – қазақстандық шахматшы. Әйелдер арасындағы гроссмейстер (2019). Ерлер арасында халықаралық шебері (2020). Блиц бойынша әлем чемпионы (2021) — шахмат тарихындағы ең жас шахматшы. Рапид бойынша әлем чемпионатының күміс жүлдегері (2021). Азия Чемпионы (2021).
4 жасында шахмат ойынының алғашқы ережелерін игерді.
Шахматтан Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, халықаралық шебер Олег Иванович Дзюбан алғашқы тәлімгері болды.
Түрлі балалар мен жасөспірімдер жас санаттарында 5 дүркін әлем чемпионы және екі дүркін әлем вице-чемпионы атанды.
Шахмат тарихындағы Fide Master атағының ең жас иегері. Атақ 2011 жылы екі рет әлем чемпионатындағы жеңісінен кейін 7 жасында берілді.
“Жыл спортшысы — 2012”, “Жыл серпілісі” номинациясы сыйлығының иегері (Қазақстан, Астана).
“Жыл патриоты — 2013” сыйлығының иегері және номинанты, патриоттар форумы (Атырау, Қазақстан).
“Шейх Дубай Кубогы — 2014” иегері.
2017 жылы “Әлем құрамасы” сапында “ғасыр матчы” халықаралық турнирінің жеңімпазы атанды.
2019 жылы Украинаның Одесса қаласында өткен спорт әлеміндегі ең көрнекті жетістіктер саласындағы «Алтын Мангуст» халықаралық жыл сыйлығының иегері және номинанты.
2016-2018 жылдары Ресей шахмат федерациясының атынан шығып, кейін Қазақстанға оралды.
2020 жылы үшінші норманы орындап, ФИДЕ халықаралық шебері атанды.