Шымкенттегі дағдарыс орталығында зорлық-зомбылықсыз 16 күн дөңгелек үстелі өтті
Осы жылдың 25 қазаны мен 10 желтоқсаны аралығында Қазақстан Республикасы көлемінде «16 күн зорлық-зомбылықсыз» акциясы ұйымдастырылуда.
Іс-шараның мақсаты – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және оның жолын кесу, осы бағытта қабылданып жатқан шаралар туралы халықты хабардар ету, қоғамдағы отбасының рөлін нығайту, құқықтық тәрбиені насихаттау.
Осы мақсатта Шымкент қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының «Дағдарыс” №3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында акция аясында ведомствоаралық бірлескен дөңгелек үстел ұйымдастырылды.
Шара барысында әйелдер мен қыздардың құқықтық сауаттылығын арттыруға ерекше назар аударылды. Қатысушылар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың түрлері мен себептерін талқылап, оның алдын алу және болашақта қылмыстық әрекеттерді болдырмау бағытындағы профилактикалық шараларды бірлесіп жүзеге асыруға шақырылды.
Сонымен қатар, тұрғындар көп шоғырланатын жерлерде орталықтың қызметі туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Азаматтарға сенім телефондары көрсетілген ақпараттық материалдар – 480 буклет пен 200 жаднама таратылды.
Бұл акция тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алудағы маңызды қадам болып табылады және қоғамның назарын отбасылық құндылықтарды қорғауға аударуды көздейді.