Шымкент: Аналар кеңесінің 10 жылдығы аталып өтті
Шымкентте Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің 10 жылдығы аталып өтті.
Іс-шара Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде «Аналар» мектебінің ашылуымен бастау алды. Ұрпақты тәрбиелеуде ананың ықпалы зор. Аналар мектебі арқылы жас аналар бала тәрбиесінде ұлттық әдістер мен заманауи психологиялық тәсілдерді үйлестіре қолдануды үйренсе, ұлттық құндылықтарды, ұлттық тәлім-тәрбиемізді ұрпақ бойына сіңіре алса, бұл отбасындағы тәрбиенің сапасын арттыруға ықпал ететіні сөзсіз.
Жиын «Достық үйінде» Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Республикалық Аналар кеңесінің төрайымы, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі Нәзипа Шанаидың қалалық Аналар кеңесінің мүшелерімен кездесуімен жалғасты.
Жиынға сондай-ақ, қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Айгерім Жұмағұлова, зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері қатысты.
Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры, Шымкент қаласы ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Гүлжан Сүгірбаева сөз сөйлеп, аналар кеңесі тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар жайында баяндады.
– Адамзат ес білгелі өз ұрпағын тәрбиелеумен келеді. Ұрпақ тәрбиесі-ұлт тәрбиесі. Адамзат өз баласын өте тәртіпті, кішіпейіл, білімді, инабатты, үлгілі әке немесе шеше, бақытты ата-ана ретінде көргісі келеді. Сол арман, сондай тұлға әр адамның бойында қалыптасқан. «Отан-отбасынан басталады» дейміз. Отанымызда да, отбасымыздың да алтын босағасы – әйел адам. Бүгінде Шымкент қаласындағы аналар кеңесінде 60-тан астам ана мүше. Биыл құрамымыз жаңартылып, түрлі салада еңбек етіп жүрген белсенді аналар да ортамызда. Аналар кеңестері біздің ұлттық құндылықтарымыз жаңғыртылып, жас ұрпаққа берілетін өзіндік мектепке айналды. Жаһандану дәуірінде жастар сыртқы әлемге көбірек ұмтылатындықтан басқа мәдениеттердің ерекшеліктерін жақсы түсінеді, бірақ өздерінің құндылықтарын онша жақсы біле бермейтіні жасырын жай емес. Аналар кеңесі әлеуметтік мекемелермен, оқу орындарымен, балалар мекемелерімен, бастамашыл орталықтармен тығыз және жемісті ынтымақтастыққа жұмыс істейді, – дейді Гүлжан Дәулетбекқызы.
Қоғамда аналар беделін көтеру туралы көп айтылады. Дегенмен әйелдерге деген зорлық-зомбылық азайған жоқ. Осы тұрғыда атқарар істің көптігін Назипа Ыдырысқызы да баса айтып өтті.
– «Ассамблея нашақорлық, құмарпаздық, тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдық сияқты әлеуметтік кеселдермен күресу ісінде маңызды рөл атқарады. Қауіпсіз өмір сүру үшін осындай қатерлі құбылыстардан біржола арылуымыз керек. Бұл – әсіресе, ұрпақтың болашағы үшін айрықша маңызды. Біз балалар мен жастарды барынша қорғап, дұрыс тәрбиелеуіміз қажет. Қоғамдық кеселдерді түбірімен жоямыз десек, ортақ іске бүкіл ел болып жұмылған жөн», деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев. Аналар кеңесінің мүшелері әрқашан қоғамдағы өзекті мәселелерге үн қосып, оны шешуге белсенді қатысуы керек. Әсіресе қазірге өршіп тұрған нашақорлық пен лудомания мәселесі қатты қынжылтады. Осы тұрғыда біздің атқарар ісіміз көп. Ана ұлтты тәрбиелейді деген сөздің жаны бар, – деді Назипа Шанаи.
Жиын барысында адал азамат тәрбиелеу бағытында жұмыстарды жүйелеу және Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында өткізілетін негізгі іс-шараларды да талқылады. Сонымен қатар, жиында Аналар кеңесінің қызметіне белсенді атсалысып жүрген 12 ана марапатталды.
Айта кетейік, Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясының шешімдерін іске асыру мақсатында әзірленген 13 арнайы жоба аясындағы мақсатты жұмыстарды ҚХА жанындағы қоғамдық құрылымдар атқарып, жалпыұлттық құндылықтарды ілгерілетуге, жалпыазаматтық бірегейлікті, қоғамдағы сенім мәдениетін нығайтуға, қоғамның әлеуметтік кеселдеріне қарсы іс-қимылға, жастарды тәрбиелеуге жұмылдырылып келеді.
Аталған жобалардың арасында «Салауатты сана» жобасы аясында нашақорлық, құмарпаздық, тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдық сияқты әлеуметтік кеселдермен күресуде Аналар кеңесіне ауқымды міндеттер жүктелген.
Бүгінде Гүлжан Сүгірбаева жетекшілік ететін Шымкент қаласы ҚХА жанындағы Аналар кеңесі өскелең ұрпақты әлеуметтік кеселдер мен қоғамдық дерттерден сақтандыру, жас буынға рухани тәрбие беру және ұлттық, отбасылық құндылықтарды дәріптеу бағытында ауқымды жұмыстарды қоғамдық негізде нәтижелі атқарып келеді.
Қалалық кеңес мүшелері еліміздің жаңа келбетін айқындайтын негізгі құндылықтарды, Тәуелсіздік пен отаншылдық, Бірлік және ынтымақ, Әділдік және жауапкершілік, Заң және тәртіп, Еңбекқорлық және кәсіби біліктілік, Жасампаздық және жаңашылдықты қоғамда жүйелі дәріптеуге сүбелі үлес қосуда.
Кеңестің ұйытқы болуымен «Аналар – шаңырақ шуағы», «Ақ орамал», «Сырғалым», «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» сияқты бірнеше ірі жобалар іске асты. Кеңес мүшелері «Әйелдердің құқығын қорғау мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы» Заңның жұмыс тобына қатыстырылды.
Қоғамдық негізде әрекет ететін құрылым бүгінде жас буынды қазақстандық патриотизмге тәрбиелеуге жұмылдырылумен қатар, қоғамның өзекті мәселелерін шешуге белсенді ықпал ететін беделді қоғамдық институтқа айналған.