Әлеуметтік қорғау мен энергетикалық қауіпсіздік басты назарда
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте тұрғындардың әлеуметтік қорғауын жетілдіру және сапалы, тұрақты электрмен, жылумен жабдықтау мәселелері талқыланды. Жиында халықтың игілігі үшін маңызды бірнеше бастамалар қаралып, тиісті тапсырмалар берілді.
Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Шымкент қаласы бойынша департамент басшысы Р.Тұңғышбаев саланың өзекті мәселелерін талдап, арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарын лицензиялау жөніндегі ұсыныстарды ортаға салды. Әлеуметтік қызметтерді пайдаланушылар үшін барынша қолайлы жағдай жасауға арналған кешенді шаралардың жүзеге асып жатқаны атап өтілді. Осыған орай, қала әкімі Ғабит Сыздықбеков әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы жемқорлық тәуекелдерін жоюға және олардың алдын алу шараларын күшейтуге ерекше назар аударуды тапсырды.
Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің Шымкент қаласы бойынша аумақтық департаменті басшысы Е.С. Нұрбеков қаладағы энергия таратушы ұйымдардың қызметі мен электр желілерінің жағдайы туралы баяндады. Қаланың электр станцияларын жетілдіру және үздіксіз жылумен жабдықтау үшін қазандықтардың резервтік қуат көздерін қамту қажеттігі айтылды. Осы мәселелерді шешу үшін нақты шаралар жоспары бекітілді.
Аппарат мәжілісінде халықпен тығыз байланыс орнату, өзекті мәселелерді шұғыл әрі сапалы шешу қажеттілігі де басты назарға алынды. Қала тұрғындарына қолайлы жағдай жасау мақсатында мереке күндерінде тазалық шараларын күшейту туралы нақты тапсырмалар берілді.
Бұл мәжіліс қала тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсарту, әлеуметтік қамсыздандыру мен энергетикалық қауіпсіздікті арттыру жолындағы маңызды қадам болды. Қала әкімдігі алдағы уақытта да халықтың қажеттіліктеріне жылдам әрі тиімді жауап беруге бағытталған жұмыстарды жалғастырады.