Пойызда босанды

27 мамыр күні таңертең № 66 “Астана–Жезқазған“ жолаушылар пойызындағы вагондардың бірінде қыз баласы дүниеге келді. Жүктіліктің соңғы айында болған жолаушы Альбина Пернебаева жолда босанудың басталғанын сезіп, дереу жолсеріктен көмек сұраған.
Пойыз бастығы Киікбай Маханов пен жолсерік Алтынай Ғафиуллина жедел әрекет етті. Олар нұсқауларды орындап қана қоймай, босануды қауіпсіз қабылдау үшін барлық жағдайларды жасаған. Теміржол бригадасына екі жолаушы— Сәтбаев қаласының фельдшері және балабақша қызметкері көмекке келді.
Команданың және бей-жай қарамайтын жолаушылардың үйлесімді әрекеттерінің арқасында таңғы сағат 06:20-да дені сау қыз баласы дүниеге келді. Нәрестенің салмағы – 2,9 кг.
Жақын маңдағы Жеңіс станциясында ана мен жаңа туған нәрестені одан әрі бақылау үшін жедел жәрдем бригадасы қарсы алды. Қазір ана мен баланың жағдайы бірқалыпты. Олар ауруханаға жеткізілді.
Қыздың әкесі Әлихан Жаналин осы маңызды сәтте көмектескендердің барлығына шын жүректен алғысын білдірді. Оның айтуынша, жаңа туған нәрестеге Асылым деген есім берілді.