52 шымкенттік тұрғын үй сертификатын алды - 17news.kz ақпараттық-сараптамалық сайты

52 шымкенттік тұрғын үй сертификатын алды

5

Биыл тұрғын үй сертификаттарына өтінім қабылдау 16 қаңтардан басталды.

Өтініштер http://kezekte.kz интернет ресурсы арқылы қабылданады. Бүгінгі күні жалпы сомасы 50,7 миллион теңге болатын тұрғын үй сертификаттары 52 азаматқа табысталды.
Тұрғын үй сертификаттарына ие болған азаматтардың санаттары:
* I және II топтағы мүгедектігі бар адамдар – 12 адам;
* Мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған отбасылар – 12 адам;
* Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар – 4 адам;
* Көпбалалы отбасылар – 11 адам;
* Толық емес отбасылар – 6 адам;
* Бюджеттік мекеме қызметкерлері – 7 адам.
Тұрғын үй сертификаты – мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары аясында «2-10-20», «5-10-20» және «Наурыз» бағыттары бойынша тұрғын үйді сатып алу кезінде ипотекалық қарыздың бастапқы жарнасының бір бөлігін жабу үшін берілетін жергілікті атқарушы органның ақшалай көмегі.
Тұрғын үй сертификаты әлеуметтік көмек ретінде қарыз сомасының 10%-ы, бірақ 1 000 000 (бір миллион) теңгеден аспайтын мөлшерде қайтарымсыз негізде беріледі. Өтініш берушінің және оның отбасындағы әрбір мүшенің соңғы 6 айдағы орташа табысы (зейнетақы аударымдарын, жеке табыс салығын және өзге де міндетті төлемдерді қоспағанда) 143 307 теңгеден аспауы тиіс. Бұл мөлшер ағымдағы қаржы жылына заңнамада белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 көрсеткішінен (2025 жылы – 46 228 теңге) аспауы қажет.
Биыл 500,0 млн. теңгеге қайтарымсыз негізде тұрғын үй сертификаттарын беру жоспарлануда.
Advertisements