Еліміз шегірткеге қарсы күреске дайындалуда
Қазақстанда шегіртке зиянкестеріне қарсы белсенді дайындық басталды.
Ауыл шаруашылығы вице–министрі Бағлан Бекбауов өткізген республикалық штаб отырысында 2025 жылы шегірткеге қарсы күрестің негізгі шаралары талқыланды. Кеңеске бейінді ведомстволардың өкілдері, өңір әкімдерінің орынбасарлары, сондай-ақ АӨК мемлекеттік инспекция комитетінің аумақтық бөлімшелерінің басшылары қатысты.
Алдын ала болжам бойынша, 2025 жылы шегіртке зиянкестері 2,1 миллион гектарға таралуы мүмкін. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1 миллион гектарға аз. Дегенмен, маусымға дайындық жоғары деңгейде жүргізілуде.
Республикалық бюджеттен 7,1 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражатқа 38 млн гектар жерді зерттеу жоспарлануда. Ауқымды жұмыстарға 4 342 адам және 443 бірлік бүрку техникасы тартылатын болады–бұл 2024 жылмен салыстырғанда екі есе көп.
Тәуекел деңгейі жоғары өңірлерде облыс әкімдері орынбасарларының басшылығымен жедел штабтар құрылды. Бұдан басқа, қорғаныс іс-шараларын ұйымдастыру бойынша кешенді жоспар мен жол картасы бекітілді.
Жұмыс басталған Жамбыл және Түркістан облыстарына ерекше көңіл бөлінеді. Түркістан облысына Ақмола, Қостанай, Павлодар және Абай облыстарын қоса алғанда, тағы алты өңірдің мамандары қосымша жіберілді. Марокко шегірткелерінің популяциясын бақылау үшін аймақтарға аудандық филиалдардың 20 басшысы және мамандармен бірге 12 көлік келді.
Ауқымды өңіраралық үйлестіру әрекет ету тиімділігін арттыруға және неғұрлым осал аймақтардағы ауыл шаруашылығы алқаптарына келтірілген залалды барынша азайтуға мүмкіндік береді.