Шымкентке Еуропадан елшілер келді
Шымкент қаласы мен Еуропалық Одақ арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайту мақсатында Еуропа елдерінің 18 елшісінен құралған делегация үшінші мегаполиске сапармен келді.
Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко мен Еуропалық Одақтың Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Симкич Алешка және Аустрия, Ұлыбритания, Швейцария, Швеция, Германия, Финляндия, Польша, Кипр, Португалия, тағы басқа елдерден келген елшілер мен ресми тұлғалар бірқатар маңызды іс-шараларға қатысты.
Сапар “Шым қала” тарихи-мәдени кешенінен басталып, “Сейітжан Қари” мешіті және М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде жалғасып, делегация өкілдері студенттермен кездесті. Кездесу барысында “Жаһандық серіктестік үшін білім беру дипломатиясын дамыту” тақырыбында мазмұнды пікір алмасу өтті. Университет аумағында ағаш отырғызу рәсімі ұйымдастырылып, іс-шара достық пен ынтымақтастықтың символына айналды.
Сондай-ақ, делегация Шымкент қаласының өндірістік әлеуетімен танысты. “Santo”, “BalTextile” және “KazAlpack” сияқты жетекші кәсіпорындарға барып, олардың заманауи технологиялармен жабдықталуы мен экспорттық мүмкіндіктеріне жоғары баға берді.
Сапар барысында қонақтар жаңадан салынған атшабар кешеніне де барды. Онда еуропалық дипломаттар ұлттық спорт түрлері — көкпар, теңге ілу, жамбы ату сынды сайыстарды тамашалап, халқымыздың бай мәдени мұрасымен танысты.
Бұл сапар Шымкент пен Еуропа елдері арасындағы көпжақты әріптестікті тереңдетуге, дипломатиялық, сауда-экономикалық, туризм және мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі дамытуға бағытталған маңызды қадам болды.