Шымкент: «Жайлы мектеп» жобасы аясында 11 мектеп пайдалануға берілді - 17news.kz ақпараттық-сараптамалық сайты

Шымкент: «Жайлы мектеп» жобасы аясында 11 мектеп пайдалануға берілді

12

2025 жылы Шымкент қаласында әлеуметтік, мәдени және әкімшілік бағыттағы құрылыс жұмыстары кешенді түрде жалғасып жатыр.

Қазіргі таңда қалада 34 нысанның құрылысы жүргізілуде, оның ішінде білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, әлеуметтік қорғау және төтенше жағдайлар салалары қамтылған.

Білім саласында 7 жаңа нысан (мектептер мен қосымша ғимараттар) және 10 ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін 5 жаңа нысан пайдалануға беріліп, барлық жөндеу жұмыстары аяқталады. Сонымен қатар, 2 оқушылар сарайының бірі тапсырылып, екіншісі 2026 жылға өтпелі жоба ретінде қалды. Ұлттық «Жайлы мектеп» жобасы аясында 12 мектептің құрылысы қолға алынып, оның 11-і пайдалануға берілді. Қалған бір мектеп (Таскен ш/а) III тоқсанда тапсырылады.
Денсаулық сақтау бағытында Қан орталығы мен диагностикалық орталықты кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, Ақжайық және Нұрсат шағынаудандарында перинаталдық орталықтарға қатысты жобалар әзірленуде. Мәдениет және спорт инфрақұрылымын дамыту бойынша бір мәдениет ошағы (Бәйдібек би көшесінде) мен №15 спорт мектебінің құрылысы жүргізілуде. Қосымша 4 спорт нысанына жобалық-сметалық құжаттар дайындалуда.
Абаттандыру саласында Шымсити шағынауданында жалпы аумағы 27,3 гектарды құрайтын екі саябақтың құрылысы аяқталуға жақын. Сонымен қатар, Тұран шағынауданында этносаябақ салу үшін ЖСҚ әзірленіп жатыр. Қалада әлеуметтік қорғау саласы да назардан тыс қалмаған. Қазіргі таңда 3 әлеуметтік нысан салынып жатыр. Оның екеуі биыл пайдалануға беріледі, біреуі 2026 жылға өтпелі. Сонымен қатар, «Мейірім» оңалту орталығының құрылысына қатысты құжаттама дайындалу үстінде.
Төтенше жағдайлар қызметіне арналған 6 нысанның құрылысы жүргізілуде, тағы 6 нысанға қатысты ЖСҚ әзірленуде. Әкімшілік бағытта да 2 ғимарат салынуда, 3 жобаның құжаттамасы дайындалып жатыр. Жалпы алғанда, Шымкент қаласында әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымның барлық бағыттары бойынша құрылыс жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асуда. Бұл қала тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға және қаланың заманауи келбетін қалыптастыруға бағытталған.
Advertisements