Таза Қазақстан: Шымкенттіктер сенбілікте белсенділік танытты - 17news.kz ақпараттық-сараптамалық сайты

Таза Қазақстан: Шымкенттіктер сенбілікте белсенділік танытты

6

Шымкентте «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жалғасып жатыр. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған іс-шара – мезгіл таңдамайтын, қала экологиясына да қосатын үлесі зор жоба.

Осы орайда Шымкенттің аудандарында тазалық шаралары ұйымдастырылды.

Абай ауданы Асар шағын ауданындағы аллеялардың бірінде сенбілік өткізді. Сенбілікке қатысушылар жол жиектерін қоқыс пен инертті материалдардан, ағаштарды артық бұталарынан тазартып, шөп шапты және ирригациялық арық жүйелерін ретке келтірді.
Жанашыр тұрғындар мен коммуналдық қызметкерлер, жалпы 300-ге жуық адам ортақ мақсатқа жету үшін күш біріктірді. Олар 2000 метр ирригациялық арық пен жол жиегін, сондай-ақ 5000 метр жаяу жүргіншілер жолын тазартты. Жинақталған қоқысты шығару үшін 5 арнайы техника жұмылдырылып, нәтижесінде 5 тонна қалдық шығарылды.

Әл-Фараби ауданы да сенбіліктен тыс қалмады. Әл-Фараби ауданының коммуналдық мемлекеттік мекемесі қызметкерлерінің тату командасы екі сағат ішінде Қарасу шағын ауданындағы аулалардың бірінде тазалық жұмыстарын жүргізді.

Аудандық коммуналдық шаруашылық қызметкерлері ағаштарды әктеп, құрғақ бұтақтарды кесіп, шөп шауып, аумақты сыпырды.
Сенбілік барысында қызметкерлер екі тонна қоқыс пен құрғақ шөп шығарып, «Таза Қазақстан» жалпыреспубликалық бағдарламасына өз үлестерін қосты.

Дәл осындай тазалық жұмыстары Қаратау ауданында да өтті. Бұл жолғы тазалық жұмыстары Ахметбаев және Көмекбаев көшелерін қамтыды. Игі іске аудан тұрғындары да белсенді атсалысты. Сенбілікке 60 адам қатысып, 6 техника жұмылдырылған. Оның ішінде бір КамАЗ жүк көлігі мен бір жүктегіш техника аумақты тұрмыстық қалдықтан тазартуға көмектесті. Жергілікті тұрғындар да тазалыққа өз үлестерін қосты.

Еңбекші ауданының тұрғындары да қоршаған ортаны таза ұстауға атсалысып, Түркістан көшесінің бойы арнайы техниканың көмегімен тазартылды. Жиналып қалған қураған шөптер мен күл-қоқыс түгелдей шығарылды. Сонымен қатар, көше бойындағы ағаш өсінділері кесіліп, ретке келтірілді. Аудан әкімдігі тек көше тазалығына ғана емес, тұрғындардың демалыс орнына айналған балалар алаңшаларының жағдайына да жіті назар аударды. Сынған әткеншектер мен ойын құралдары жөнделіп, сырланды.

Шымкент қаласында аталған бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асырып келетінін айта кеткен жөн.

Advertisements