Жұмысшы мамандықтар жылы: Қалыпшының маңдай тері – өндірістің жүрегі - 17news.kz ақпараттық-сараптамалық сайты

Жұмысшы мамандықтар жылы: Қалыпшының маңдай тері – өндірістің жүрегі

5

Еліміздің экономикасын алға сүйреп, өндірістің алғы шебінде жүрген еңбек адамдары – бүгінгінің нағыз батырлары.

Олардың бейнеті мен маңдай тері – қоғамның іргесін берік ететін басты күш.
Сол жандардың бірі – 39 жастағы Жандос Жайлаубайұлы. Ол үш жылдан бері Kaspy Steel компаниясында қалыпшы болып еңбек етеді. Бұл – екінің бірінің қолынан келе бермейтін, үлкен шыдамдылық пен жоғары жауапкершілікті талап ететін мамандық. Қалып жасаушының қолынан өтетін әрбір бөлшек – тиянақ пен төзімнің көрінісі.
Жандос – төрт ұлдың әкесі. Ол перзенттеріне өнегелі тәрбие беруді парыз санап, еңбекқорлықтың нағыз үлгісін көрсетіп келеді. Оның күнделікті жұмысы – балғамен соққандай ауыр, бірақ бір сәт те ескерусіз қалмайтын маңызды іс. Зауыттағы гүріл мен ыстық пештер – Жандос үшін үйреншікті, әрі қадірлі орта. Себебі ол бұл жұмысты тек нәпақа көзі емес, еліне қосқан үлесі деп біледі.
Биыл елімізде “Жұмысшы мамандықтар жылы” деп жариялануы да бекер емес. Қоғамның шынайы дамуы – қарапайым еңбек адамын қадірлеуден басталады. Ал қалыпшы сынды мамандықтар – кез келген өндіріс ордасының жүрегі мен тірегі.
Жандос сынды азаматтар – қолымен емес, жүрегімен жұмыс істейтін жандар. Олар даңқ пен марапатты күтпейді, үнсіз еңбегімен ұлт болашағын сомдап келеді. Осындай адамдар барда еліміздің іргесі берік, келешегі кемел болмақ.
Айта кетейік, KaspySteel-озық технологияларды енгізу және өндірістік процестерді үздіксіз жетілдіру арқасында өнімдерді арнаулы қалыпқа құю өндірісі саласында көшбасшы болып табылатын заманауи металлургиялық зауыт. Ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарға жоғары сапалы арнаулы қалыпқа құю өнімдерін ұсыну мақсатында құрылған компания өзінің кәсібилігі, инновациялық тәсілі және кемелдікке ұмтылысы арқылы клиенттердің сеніміне тез ие болды.

Advertisements