
Қазақстандағы шағын және орта бизнесті дамытуда жетекші рөл атқарып келе жатқан «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры биыл өзінің 28 жылдығын атап өтуде. 1997 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен құрылған Қор бүгінгі күні отандық кәсіпкерліктің сенімді серігіне айналды.
Қордың жалғыз акционері – «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ.
Қордың басты мақсаты – 2033 жылға дейін еліміздегі микро, шағын және орта бизнесті орнықты дамыту үшін кешенді және тиімді қолдау құралдарын іске асыру. Бұл мақсатқа жету үшін «Даму» Қоры бірнеше бағытта қолдау көрсетіп келеді: кепілдік беру, жеңілдетілген қаржыландыру, кеңес беру және оқыту бағдарламалары.
Бүгінде бизнес үшін басты кедергілердің бірі – кепілзаттың жеткіліксіздігі. Осы мәселені шешу мақсатында, Мемлекет Басшысының тапсырмасы мен Үкіметтің 2025 жылғы 2 сәуірдегі қаулысына сәйкес, Қор екі жаңа кепілдік құралын енгізді:
1-кепілдік қоры
Шағын, орта және ірі кәсіпкерлер үшін қолжетімді бұл құрал арқылы:
• Қаржыландыру сомасы – 7 млрд теңгеге дейін;
• Кепілдік мөлшері – 85%-ға дейін, бірақ 3,5 млрд теңгеден аспайды;
• Мақсаты – айналым қаражатын толықтыру, инвестиция, бұрынғы несиелерді қайта қаржыландыру;
• Кепілдік мерзімі – 5 айға дейін ұзартылған қаржыландыру мерзімімен тең.
2-кепілдік қоры
Ірі инвестициялық жобаларға бағытталған бұл құрал:
• Қаржыландыру сомасы – 7 млрд теңгеден жоғары;
• Кепілдік мөлшері – жобаның 30%-ына дейін;
• Мерзімі – 15 жылға дейін;
• Қолдау салалары – өндеу және тау-кен өнеркәсібі, агроөнеркәсіп, энергетика, көлік, байланыс, туризм, білім, денсаулық сақтау.
Кепілдікпен қатар, «Даму» Қоры кәсіпкерлерге:
• Жеңілдетілген несие алуға,
• Бизнесті жүргізу бойынша кеңес алуға,
• Қашықтан оқыту бағдарламаларына қатысуға мүмкіндік береді.
Еліміздің барлық өңірлерінде жұмыс істейтін аймақтық филиалдар желісі арқылы бұл қызметтер кәсіпкерлерге қолжетімді әрі ыңғайлы түрде ұсынылады.
Айта кетейік, 2025 жылдың басынан бері «Даму» қорының Шымкент қалалық филиалы 231 кәсіпкерлік жобасын қолдаған. Қолдау көлемі – 32,2 млрд теңге. Оның ішінде, субсидиялау бағыты бойынша – 154 жоба, сомасы 26,7 млрд теңге; кепілдік беру бағыты бойынша – 77 жоба, сомасы 5,5 млрд теңге.
«Даму» қоры – кәсіпкерлер үшін сенімді серіктес. Жаңа қаржыландыру құралдары мен жеңілдетілген шарттар өңірде кәсіпкерліктің дамуына жаңа серпін береді деп сенеміз.